Талғат Орынбасар Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті жеңіп, Grand Slam турнирінің қола жүлдесін еншіледі

Бүгін, 22:47 / Жамбыл Жайлау
Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF)

Қазақстандық дзюдошы Талғат Орынбасар Абу-Дабиде өтіп жатқан Grand Slam халықаралық турнирінде қола медаль иеленді. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде Париж Олимпиадасының чемпионы, отандасы Елдос Сметовті жеңді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылған дзюдодан Grand Slam сериясының турнирінде Қазақстан құрамасының екі спортшысы қола медаль үшін өзара кездесті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов пен Талғат Орынбасар арасындағы белдесу 10:1 есебімен аяқталды.

Нәтижесінде Талғат Орынбасар Олимпиада чемпионынан басым түсіп, халықаралық жарыстың қола жүлдесіне қол жеткізді. Ал Елдос Сметов бесінші орынға тұрақтады.

Олимпиада чемпионы турнирдегі алғашқы кездесулерінде Тәжікстан өкілі Мехрзод Суфиев пен Қытай дзюдошысы Ма Юлинді жеңген. Алайда ширек финалда әзербайжандық Балабей Агаевқа есе жіберіп, алтын медаль үшін күресті тоқтатты. Осыдан кейін жұбаныш белдесуінде украиналық Артем Лесюктен басым түсіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Дегенмен шешуші кездесуде өз отандасы Талғат Орынбасарға жол берді.

Талғат Орынбасар Абу-Дабидегі жарыста Ресей өкілі Турпал Хабибулаев пен Ұлыбритания дзюдошысы Чарли Эйрді жеңген. Жартылай финалда ол Тәжікстан спортшысы Лоик Кудбудиновпен кездесіп, жеңіліске ұшырады. Соған қарамастан, қазақстандық балуан қола медаль үшін белдесуге жолдама алып, Елдос Сметовтен басым түсті.

Тэгтер:

Елдос Сметов