TikTok-та тікелей эфирге шыққан 18 жастағы қызға айыппұл салынды

29 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
t.me/POLICE_of_KZ

Ақмола облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир жүргізген 18 жастағы бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның эфир кезінде бірнеше рет балағат сөз айтқаны анықталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Ақмола облысының Ерейментау қаласында болған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жас қыз TikTok платформасында тікелей эфирге шығып, көрермендермен сөйлесу барысында әдепсіз сөздерді бірнеше рет қолданған.

Бұл жағдай құқық қорғау органдарының назарын аударған. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желідегі бейнежазбаларды зерделеп, 18 жастағы қыздың әрекетіне қатысты әкімшілік материал рәсімдеген.

"Ерейментау қаласының 18 жастағы тұрғыны TikTok-та тікелей эфирлер жүргізу кезінде бірнеше рет бейәдеп сөздер қолданғаны анықталды. Аталған азаматшаға қатысты полиция қызметкерлері әкімшілік материал толтырды", – делінген ІІМ хабарламасында.

Іс сотта қаралып, бойжеткенді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданған. Сот қаулысына сәйкес, оған ақшалай айыппұл салынды. Алайда Ішкі істер министрлігі айыппұлдың нақты көлемін жариялаған жоқ.

Тэгтер:

Ақмола облысы