Бүгін Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Президенттің халыққа Жолдауы терең мазмұнды, тұжырымдамалық мәні бар құжат екенін атап өтті. Онда Қазақстанның болашағы, жаңа әлемдік тәртіптегі орны және алдағы жылдардағы даму бағыты айқындалған.
Төрағаның пікірінше, биылғы Жолдау ел дамуының ауқымды пайымы мен стратегиялық тәсілімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы Қазақстанның алдында тұрған міндеттерді жаһандық өзгерістерді, жаңа технологиялық болмысты және елдің одан әрі дамуын айқындайтын заманауи сын-қатерлерді ескере отырып қарастырады.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің белсенді қатысуын және нақты нәтижелер үшін жеке жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Сондықтан басым бағыттарды айқындап, жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізуге қосатын өз үлесін нақты түсіну аса маңызды.
Ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарларын қалыптастыру мақсатымен Қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірлесіп, жыл сайынғы баяндама дайындау жоспарланып отыр. Бұл баяндама өңірлерден келіп түскен бастамаларды жинақтауға, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді айқындауға және еліміздің стратегиялық құжаттарын әзірлеуге арналған ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл жұмысқа отандық жетекші сарапшылар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері, соның ішінде Еркін Әбіл, Айгүл Сәдуақасова, Ботагөз Ракишева және Найля Мұхтарова тартылады.
Қатысушылар жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу мәселесіне де ерекше назар аударды. Ерлан Қошанов құжатты дайындау жұмысына азаматтық қоғамның кеңінен қатысуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Кодекс заманауи талаптарға сай болып, халықтың әртүрлі санаттарының мүдделерін ескеруі тиіс.
Бұл жұмысқа белгілі заңгер ғалымдар Исидор Борчашвили, Мәди Мырзағараев және Андрей Лукинді де тарту ұсынылды.
Халықтың цифрлық дағдыларын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Азаматтардың практикалық цифрлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ауқымды білім беру жобасын іске қосу ұсынылды. Ауыл тұрғындарына маркетплейстер мен интернет-платформалар арқылы тауар сатуды үйрету, ал жастарға жеке кәсіп ашу үшін цифрлық құралдарды пайдалануды меңгерту жоспарланып отыр.
Өңірлердегі жұмысқа да басымдық берілді. Жыл бойы Қазақстан Халық Кеңесі әкімдіктермен, қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Кездесулердің негізгі мақсаты – халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау, оларды шешу жолдарын іздестіру және Халық Кеңесінің келесі сессиясына нақты заңнамалық әрі практикалық ұсыныстар әзірлеу.
Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің жұмыс тиімділігін арттыру және бастамалардың іске асырылуын бақылау мақсатында Хатшылық бірыңғай цифрлық платформа әзірлеп жатыр. Бұл жүйе қажетті ақпаратты, құжаттарды қарау барысын және олардың ағымдағы мәртебесін жедел бақылауға мүмкіндік береді. Пайдаланушыларға қолайлы болу үшін ұсыныстар берудің бірыңғай нысаны енгізіледі. Платформаны әзірлеу жұмысына Бағдат Мусин, Әділхан Қопабаев және Жандос Ақтаев тартылды.
Отырыс барысында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де сөз сөйлеп, салалық жобаларды іске асыру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Нұртай Сабильянов пен Вера Ким өңірлерде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға қатысты ұсыныстарын айтты. Олар жол құрылысы, цифрландыру мәселелеріне және қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталған шараларға ерекше назар аударды.
Инфрақұрылым тақырыбын жалғастыра отырып, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко «Халықтық құрылыс» бағдарламасының жұмыспен қамту саласына да оң әсерін тигізіп отырғанын атап өтті. Бағдарламаны іске асыру техникалық және кәсіптік білімге деген сұранысты едәуір арттырып, білікті мамандардың ұзақ мерзімді жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.
Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты ретінде Төралқа мүшелері Бекмұрат Жүсіпов пен Еркін Әбілдің ұсыныстары айтылды. Олар жобалардың іске асырылу барысына тұрақты қоғамдық бақылау жүргізу қажеттігіне тоқталды. Олардың пікірінше, бұл жұмысқа бейінді сарапшыларды тарту ашықтықты қамтамасыз етіп, жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуына мүмкіндік береді. Атап айтқанда, азаматтар жобалардың іске асырылу мерзімдері мен барысы, оған қатысушылар және бөлінетін қаржы қаражаты туралы хабардар болады.
Отырыс барысында инклюзивті ортаны дамыту мәселелері де қозғалды. Бұл саладағы өзекті міндеттер туралы жеке тәжірибесіне сүйене отырып, белгілі параспортшы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Ардақ Оторбаев баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан бұл мәселеге айтарлықтай көңіл бөлініп, азаматтардың толыққанды өмір сүруіне, спортпен айналысуына және өзін-өзі дамытуына жағдай жасалуда.
Төралқа отырысында айтылған барлық бастамалар мемлекеттік органдармен бірлесіп қосымша пысықталып, алдағы кезеңге арналған Халық Кеңесінің кешенді жұмыс жоспарына енгізілетіні атап өтілді.