Қас адамға не үшін қажет?

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Қас тек адамның бет-әлпетіне көрік беріп қана қоймайды. Ол көзді тер мен шаңнан қорғауға, эмоцияны білдіруге, тіпті адамдарды бір-бірінен ажыратуға көмектеседі. Ғалымдардың зерттеуі қастың адам өмірінде біз ойлағаннан әлдеқайда маңызды рөл атқаратынын көрсетеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ең алдымен, қас көзді тер мен жаңбыр суынан қорғайды. Оның доға тәрізді пішіні мен түктерінің өсу бағыты маңдайдан аққан ылғалды беттің екі жағына бұрып жібереді. Соның арқасында тұзды тер көзге азырақ түсіп, ашыту мен тітіркену қаупі төмендейді.

Екіншіден, қас жоғарыдан түсетін шаң мен ұсақ бөлшектердің бір бөлігін ұстап қалады. Дегенмен көзді бөгде заттардан қорғайтын негізгі тосқауыл – қабақ пен кірпік.

Үшіншіден, қас күн сәулесінен аздап қалқалайды. Қас түктері мен оның астындағы сүйек доғасы жарықтың түсу бұрышына қарай көзге шағын көлеңке түсіреді. Әрине, бұл күннен қорғайтын көзілдіріктің орнын баса алмайды.

Қастың төртінші қызметі – адамның көңіл күйін білдіру. Таңданғанда қасымызды көтереміз, ашуланғанда түйеміз, ал күмәнданғанда бір қасымызды жоғары көтеруіміз мүмкін. Мұндай қимылдар сөз айтпай-ақ өзге адамға не сезініп тұрғанымызды жеткізеді.

2018 жылы Nature Ecology & Evolution журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар осы ерекшеліктің эволюциялық маңызын қарастырған. Олардың болжамынша, ежелгі адамдарға тән шығыңқы қабақүсті сүйек доғаларының кішіреюі қастың еркін қозғалуына мүмкіндік беріп, адамдар арасындағы эмоциялық байланыстың дамуына ықпал еткен.

Бесіншіден, қас адамдардың бір-бірімен тіл табысуына көмектеседі. Мысалы, қасты тез көтеріп, қайта түсіру таныс адамды көргендегі сәлемдесу, оны танығанын білдіру немесе сөйлесуге дайын екенін көрсету белгісі болуы мүмкін.

Алтыншыдан, қас адамның түрін тануда маңызды рөл атқарады. Массачусетс технологиялық институтының ғалымдары 2003 жылы жүргізген тәжірибеде адамдарға таныс тұлғалардың қасы өшірілген суреттерін көрсеткен. Нәтижесінде қатысушылар оларды тануда айтарлықтай қиналған. Зерттеушілер қас бет-әлпетті есте сақтауда көздің өзінен кем емес маңызды болуы мүмкін деген қорытындыға келген.

Осылайша, қас – жай ғана сыртқы келбеттің бөлшегі емес. Ол көзді қорғайды, бет қимылына қатысады және адамдардың бір-бірін танып, түсінуіне көмектеседі.