2025 жылғы мамырдан 2026 жылғы қаңтарға дейінгі кезеңде Ж. Instagram әлеуметтік желісінде Алматы қаласынан төмен бағамен пәтерлер сатып алу, оларды жөндеу және кейіннен пайдамен сату туралы көрінеу жалған ақпарат орналастырған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осы схеманы жүзеге асыру үшін ол инвесторларды тартып, олар рәсімдеген тауарлық кредиттерді төлеуге және салынған қаражат сомасының 5–10%-ы мөлшерінде ай сайын бонус беруге уәде еткен.
Бастапқыда төлемдер басқа жәбірленушілерден түскен қаражат есебінен жүргізілген. Кейін төлемдер тоқтатылып, инвесторлар алдындағы міндеттемелер орындалмаған. Келтірілген жалпы залал 155 млн теңгеден асты.
Ж. өз кінәсін ішінара мойындап, пәтерлерді қайта сатумен айналысуды көздегенін, алайда барлық инвесторлармен есеп айырыса алмағанын түсіндірді.
Жәбірленушілер қаражатты беру және кредиттерді рәсімдеу мән-жайларын растап, кредиттер бойынша берешек осы уақытқа дейін өтелмегенін көрсетті. Олар қатаң жаза тағайындауды және келтірілген залалды өтеуді сұрады.
Сот Ж.-ның бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстар үшін сотталғанын ескерді. Алайда осы іс бойынша қылмыстар аталған үкімдер шығарылғанға дейін жасалған.
Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталған әйелдің асырауында төрт кәмелетке толмаған баланың болуы танылды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жәбірленушілердің санын, өтелмеген залалдың аса ірі мөлшерін және жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот Ж.-ға 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ақтау қаласы сотының үкімін ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша неғұрлым жеңіл жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түпкілікті жаза 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру болып белгіленді.
ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде сотталған әйелдің асырауында төрт кәмелетке толмаған баланың болуына байланысты жазаны орындау екі жыл мерзімге, яғни 2028 жылғы 20 қазанға дейін кейінге қалдырылды.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.