Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтада қайғылы оқиға болды. Вагондарды тіркеу жұмыстары кезінде тау-кен жұмысшысы жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
ERG құрамындағы «Қазхром» компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинаты таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға шахтада вагондарды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде болған.
Зардап шеккен қызметкер Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
«Дәрігерлер қолдан келген барлық шараны жасағанымен, қызметкердің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Компания қаза болған қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады және оларға қажетті көмек пен қолдау көрсетеді», – делінген комбинаттың ресми хабарламасында.
Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, оқиға туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланған. Оның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды.
Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департаменті де оқиға туралы ақпарат түскенін растап, комиссия құрылатынын мәлімдеді.