Транзиттік контейнерлерден 633 млн теңгенің техникасын ұрлағандар сотталды

Бүгін, 16:41 / Алуа Арман
polisia.kz

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан аумағы арқылы Батыс Еуропа елдеріне бағыт алған транзиттік жүк контейнерлерінен қымбат техника ұрлаудың бірнеше дерегін ашты. Бұл туралы Көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Абай облысының төрт тұрғыны анықталып, ұсталған. Тергеу деректеріне сәйкес, олар алдын ала сөз байласып, жүк пойыздарының контейнерлеріне бірнеше рет заңсыз кіріп, ноутбуктер мен ойын приставкаларын ұрлаған.

– Атап айтқанда, өткен жылдың мамыр айында Жетісу облысындағы Торпалды станциясында Қытай – Польша бағытымен келе жатқан контейнерден 1 019 ноутбук ұрланған. Кейін ұрланған техниканың бір бөлігі Алматы қаласында сатылған. Аталған ұрлық салдарынан жүк тиесілі компанияларға жалпы сомасы 633 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілді, – деді Т.

Рамазанов. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында көлік полицейлері қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп, ұрланған техниканың бір бөлігін тәркіледі. Қылмыстық іс бойынша фигуранттардың кінәсі толық дәлелденді.

– Жетісу облысы Алакөл аудандық сотының үкімімен төрт сотталушы аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға 6 жыл 7 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп түйіндеді сөзін Т. Рамазанов.

Тэгтер:

ұрлық транзит контейнер