Ұлттық ғылым академиясында алғаш рет ТМД елдері ғалымдарының форумы өтті

Бүгін, 15:45 / Алуа Арман

2026 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер ғалымдарының VI форумы ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық ғылыми іс-шараға сегіз елдің ғылым академиялары басшылары мен жетекші ғалымдарын, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары және сарапшылық қауымдастық өкілдерін біріктірді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған форум «Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым: ынтымақтастық пен дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбына арналған. Халықаралық алаң жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысуда. Іс-шараның басты мақсаты – ғылыми ықпалдастықты нығайту, бірлескен зерттеулерді дамыту, сондай-ақ ғылым мен экономиканың өзекті мәселелерін шешу жолында Достастық елдерінің зияткерлік және технологиялық әлеуетін біріктіру.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жасанды интеллектінің дамуы ауқымды деректерді өңдеуді, күрделі үдерістерді модельдеуді және зерттеу гипотезаларын тексеруді жеделдету арқылы ғылыми қызметтің сипатын түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге жаңа технологияларды кеңінен енгізу ғылыми дәйектілікке, ақпаратты қорғауға, зерттеу этикасына және қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікке ерекше назар аударуды талап етеді.

«Жасанды интеллект зерттеушінің мүмкіндіктерін кеңейте алады, алайда ғылыми әдісті, сыни ойлауды және кәсіби жауапкершілікті алмастыра алмайды. Түпкілікті тұжырым жасап, шешім қабылдау ғалымның құзыретінде қалуға тиіс. Қоғамның жаңа технологияларға сенімін қалыптастыру үшін дәл осындай ұстаным қажет», – деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев.

Академия басшысы өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект негізінде цифрлық экономика қалыптастыруды ұзақ мерзімді жалпыұлттық міндет ретінде айқындап, базалық ақпараттандырудан озық технологияларды кең ауқымда іс жүзінде енгізуге көшудің қажеттігін атап өтті. Бұл ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқарудан бастап көлік инфрақұрылымы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі негізгі салаларды жүйелі цифрлық трансформациялауды көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту, технологиялар трансферін жеделдету және отандық ғылымның практикалық қайтарымын арттыру айрықша өзектілікке ие.

Мемлекет белгілеген басымдықтарға сәйкес Ұлттық ғылым академиясы елдің стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін дәйекті түрде қалыптастырып келеді. Атап айтқанда, Кореяның ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) бірлесіп, жаһандық ғылыми-технологиялық үрдістерді талдауға, зерттеудің перспективалы бағыттарын айқындауға және технологиялар трансферінің мүмкіндіктерін анықтауға арналған AI SilkNet орталығы құрылды. Сонымен қатар Академия ғылыми үдерістің барлық кезеңіне – деректерді талдау мен гипотезаларды тұжырымдаудан бастап эксперименттер жүргізуге, нәтижелерді тәуелсіз тексеруге және оларды тәжірибеге енгізуге дейін – жасанды интеллектіні кіріктіруді көздейтін Qazaqstan AI for Science жобасына бастамашылық етті.

Аталған жұмыстың практикалық жалғасы – қытайлық академиктермен бірлесіп әзірленіп жатқан кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллектінің DeepBAS платформасы. Оның алғашқы пилоттық жобасы су теңгерімін болжауға, құрғақшылық пен су тасқыны қаупін бағалауға бағытталған. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен 2027 жылдан бастап тиісті жасанды интеллект агентін еліміздің үш ірі су бассейнінде пилоттық режимде енгізу көзделіп отыр. Мұндай бастамаларды жүзеге асыру стратегиялық басқарушылық шешімдер қабылдау барысында озық ғылыми әзірлемелерді пайдалануға негіз қалайды.

Академия басшысы нәтижелі ғылыми әріптестіктің мысалы ретінде Ресей ғылым академиясымен бірлесіп құрылған Агроөнеркәсіптік кешендегі озық технологиялардың Қазақстан–Ресей орталығының қызметін атап өтті. А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасында аумағы 70 гектар болатын KazAgroCarbon көміртек полигоны жұмыс істейді. Онда топырақтағы көміртек қорлары, парниктік газдардың динамикасы және көміртекті егіншілік технологиялары зерттелуде. Алдағы жұмыстың перспективалы бағыттарының бірі – агроклиматтық деректерді талдау және селекциялық зерттеулерді жеделдету үшін жасанды интеллектіні пайдалану.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде жасанды интеллект іргелі және қолданбалы зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер аша отырып, ғылыми прогресс пен экономикалық өсуді айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып келе жатқанын атап өтті. Қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында мемлекеттердің ғылыми әлеуетін біріктіру және халықаралық ынтымақтастықтың орнықты тетіктерін дамыту ерекше маңызға ие.

«Ғылыми-технологиялық әлеуеті қаншалықты жоғары болса да, ешбір мемлекет жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жеке-дара толық іске асыра алмайды. Зияткерлік, инфрақұрылымдық және зерттеу ресурстарын біріктіру елеулі ғылыми нәтижелерге қол жеткізудің қажетті шартына айналып отыр», – делінген министрдің құттықтау сөзінде.

Форум аясында жасанды интеллектіні әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерде, білім беру мен мемлекеттік басқаруда, агроөнеркәсіптік кешен мен агроэкологиялық жүйелерде, дербестендірілген медицина мен геномикада, сондай-ақ орнықты даму, климат, геодеректер, жаңа материалдар және энергетика салаларында қолдануға арналған төрт тақырыптық дөңгелек үстел өткізу көзделген. Халықаралық зерттеу ұжымдарын қалыптастыруға, бірлескен пилоттық жобаларды әзірлеуге, ғылыми деректер алмасуға және ғалымдардың жаңа буынын даярлауға ерекше көңіл бөлінеді.

Халықаралық іс-шара бағдарламасына ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің іргелі ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің XIV отырысы да енгізілген. Бұл отырыс ғылым академиялары арасындағы байланыстарды нығайтуға, бірлескен іргелі зерттеулерді дамытуға және ғылыми қызметте жасанды интеллектіні пайдаланудың келісілген тәсілдерін әзірлеуге ықпал етеді.

Айта кетейік, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ғалымдарының форумы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді және ғылыми диалогтың маңызды халықаралық алаңдарының бірі ретінде танылды. Бұған дейін ғалымдардың кездесулері Мәскеу, Ереван, Минск, Бішкек және Душанбе қалаларында өткен. VI форумның Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы атап өтілетін жылы Қазақстанда өткізілуі еліміздің халықаралық ғылыми беделін нығайту, академиялық әріптестікті кеңейту және ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыру тұрғысынан ерекше мәнге ие.

Форум жұмысы 30 қазанда жалғасады. Екі күндік талқылаулардың қорытындысы бойынша бірлескен зерттеулерді дамытуға, озық технологияларды енгізуге және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған қорытынды құжаттар мен ұсынымдар қабылдау жоспарланып отыр.

 

Тэгтер:

ҰҒА