Өскеменде  2,7 млн теңгенің алтындарын ұрлаған күдікті ұсталды

Бүгін, 14:54 / Алуа Арман
polisia.kz

Өскемен қаласында полицейлер құны 2,7 млн теңге болатын зергерлік бұйымдардың ұрлығын ашты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зергерлік салонның витринасынан алтын әшекейлер, оның ішінде бриллианттары бар бұйымдар қойылған тіреуіш ұрланған. Дүкен иесінің арызынан кейін полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтады.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті сатушының жоқтығын және витринаға еркін қол жеткізуге болатынын пайдаланып, қымбат әшекейлерді қолды еткен. 

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктіні – 25 жастағы қала тұрғынын анықтады. Ол ұрланған әшекейлердің бір бөлігін ломбардқа өткізіп үлгерген. Қалған бұйымдар тәркіленді.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Сауда нысандарының иелеріне қымбат тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, витриналарды қараусыз қалдырмау ұсынылады.

Тэгтер:

күдікті ұрлық алтын Өскемен әшекей