TikTok эфирінде насыбай қолданған Түркістан тұрғыны жауапқа тартылды

Бүгін, 14:06 / Алуа Арман
polisia.kz

Түркістан облысында TikTok эфирінде насыбай қолданған ер адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тікелей эфирде көрсеткен әрбір теріс қылық үшін жауапкершіліктен тыс қалмайсың. Мәселен Түркістан облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, насыбай қолданған азаматқа қатысты әкімшілік шара қабылданды.

Нақтырақ айтсақ, Жетісай ауданының тұрғыны әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізіп отырып, насыбай өнімін қолданған. Азаматтың әрекеті полиция қызметкерлерінің назарына ілікті. Осыған байланысты ол аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, түсініктеме алынды.

Тексеру нәтижесінде 40 жастағы ер адамға қатысты құқыққа қайшы контент жариялау дерегі бойынша шара қолданылып, айыппұл салынды. Өз кезегінде тұрғын бұл әрекетінің дұрыс болмағанын түсініп, алдағы уақытта мұндай жағдайды қайталамайтынын жеткізді.

Полиция әлеуметтік желіде жарияланған әрбір әрекеттің құқықтық салдары болуы мүмкін екенін ескертеді. Тікелей эфирдегі әрекет те қоғамдық назардан тыс қалмайды. Сондықтан желі қолданушыларына жариялайтын контентіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтауға кеңес береді.

Тэгтер:

насыбай тикток эфир