Жолдауда баса айтылған «Заң мен тәртіп» қағидаты күнделікті өмірімізден көрініс табуы керек – Бақтияр Мәкен

Бүгін, 12:05 / Алуа Арман

ІІМ ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Бақтияр Мәкен кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Жолдауында айтылған «Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен күнделікті өмірімізден көрініс табуы керек дейді. Оның ойынша, шынайы тәртіп заңға деген құрметтен және әділдіктің баршаға ортақ екеніне деген сенімнен басталады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Жолдауында баса айтқан «Заң мен тәртіп» қағидаты, ең алдымен, күнделікті өмірімізден көрініс табуы керек деп есептеймін. Бұл тек полицияның немесе басқа да мемлекеттік органдардың жұмысы емес. Бұл – әр адамның заңға, айналасындағы адамдарға және қоғам алдындағы жауапкершілігіне деген көзқарасы. Әрбір адам өзін қауіпсіз сезініп, құқықтарының қорғалатынын және заңның бәріне бірдей екенін білуі маңызды. Сондықтан ішкі істер органдарының міндеті – қылмыстарды ашып, құқық бұзушылықтарға ден қою ғана емес, олардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату. Сонымен қатар көп нәрсе адамдардың өзіне де байланысты. Заңды сақтап, өзгенің құқығын құрметтеп, құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамай, өз іс-әрекетіміз үшін жауапкершілік алсақ, еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға нақты үлес қосамыз. Менің ойымша, шынайы тәртіп заңға деген құрметтен және әділдіктің баршаға ортақ екеніне деген сенімнен басталады. Қоғам мен мемлекет арасындағы сенім де осыған негізделеді», – дейді ол.

Тэгтер:

жолдау Бақтияр Мәкен