Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығын жаңғырту ісі ғылыми негізге сүйенуге тиіс – Ақылбек Күрішбаев

Бүгін, 09:49 / Алуа Арман

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Жолдауды жүзеге асырудағы ғылымның міндеті жекелеген ұсыныс берумен шектелмейтінін, ғылымды дайын шешімге кейін қосылатын сараптама деп қарауға болмайтынын айтады. Ғалымның айтуынша, әр реформаның артында дәлел, әр құрылыстың негізінде есеп, әр технологияның алдында сынақ болуы керек, ел қаржысы нақты игілікке айналуы үшін әрбір реформа мен әрбір ірі жұмыстың берік ғылыми негізі болуға тиіс, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ел дамуының өзара сабақтас бағыттары айқындалды. Инфрақұрылымды жаңарту, өндірісті өркендету, энергетикалық дербестікті нығайту, су мен жерді тиімді пайдалану, жасанды интеллектінің мүмкіндігін игеру – осылардың бәрі ғылыми негізделген шешімді талап етеді. Сондықтан Жолдауды жүзеге асырудағы ғылымның міндеті жекелеген ұсыныс берумен шектелмейді. Ғылым мәселені анықтаудан бастап, оның шешімін өндіріске енгізуге дейінгі жұмыстың бел ортасында болуы керек. Жолдаудағы «Кез-келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс» деген талаптың мәні де осында. Бұл ұстаным әлеуметтік саясатқа да, жаңа кәсіпорын ашуға да, жол салуға да бірдей қатысты. Бүгін дұрыс есептелмеген шешімнің салдарын ертең қоғам мен экономика көтереді», – дейді ол.

Маман «Халықтық құрылыс» бастамасы арқылы еліміздің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымы тұтас жаңғырады деп сенеді.

«Жолдаудың өзегіндегі «Халықтық құрылыс» бастамасы еліміздің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын тұтас жаңғыртуды көздейді. Мұнда мәселе жаңа нысандардың санында ғана емес. Әр құрылыстың қай жерде, қандай қажеттілік үшін, қандай технологиямен салынатыны және кейін қалай пайдаланылатыны шешуші мәнге ие. Мектептің де, аурухананың да, жол мен су жүйесінің де тиімділігі алғашқы жобалық шешімнен басталады. Демек, ауқымды құрылыстың іргетасымен бірге оның ғылыми негізі де қалануы тиіс. Қазақстанның кең аумағында сапалы жол – өңірлерді байланыстыратын, өндірісті нарыққа жақындататын, ауылдағы тіршілікті жандандыратын маңызды мүмкіндік. Алайда жолдың елге беретін пайдасын пайдалануға берілген шақырыммен ғана бағалау жеткіліксіз. Оның қанша жыл қызмет ететіні, жөндеуге қанша қаржы кететіні, ауыр жүк пен қатал климатқа қаншалықты төзетіні де есепке алынуы керек.

Осы мәселелерді зерттейтін Академия жанынан 2026 жылдың қаңтарында Көлік ғылымдары мен технологиялары институты құрылып жұмыс жасауда. Сонымен қоса «Қызмет ету мерзімі ұзартылған автомобиль жолдарын жобалау мен пайдаланудың ғылыми-техникалық негіздерін әзірлеу» бойынша флагмандық бағдарлама дайындалып, Үкіметтің кешенді жоспарына енгізілді. Мұнда жаңа материалдарды зерттеу, инженерлік шешімдерді сынау, жергілікті жағдайға лайық технологияларды негіздеу жол құрылысының ұзақ мерзімдік тиімділігіне қызмет ету көзделген. Бағдарламаның мәні – Қазақстан жағдайына лайық инженерлік шешімдер ұсыну. Жол төсеміне әсер ететін температура ауытқуы, топырақтың ерекшелігі, ылғал мен көлік жүктемесі бір-бірінен бөлек қаралмауы керек. Жергілікті материалдардың жарамдылығын зерттеу, технологияларды тәжірибелік учаскеде сынау, жолдың жағдайын бақылау арқылы оның қызмет ету мерзімін ұзартуға ұмтылу қажет», – дейді ол.

Ақылбек Қажығұлұлы Академияның стратегиялық маңызды минералдар бойынша қалыптастырып жатқан флагмандық бағыты, халықаралық ғылыми байланыстары Президент Жолдауда айтқан міндеттерге қызмет ететінін айтады.

«Мемлекет басшысы геологияны жоғары технологиялық сала ретінде дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл талап минералдық ресурстарды игеру тәсілін жаңартумен қатар, еліміздің шикізаттық артықшылығын технологиялық мүмкіндікке айналдыруды көздейді. Сирек және стратегиялық маңызды металдардың құндылығы олардың қорымен ғана өлшенбейді. Оларды анықтау, бөліп алу, тазарту, қажетті қасиеті бар материалға айналдыру және өндірісте қолдану қабілеті шешуші рөл атқарады. Осы тізбектің әр буынына ғылыми білім мен инженерлік тәжірибе қажет. Осы орайда Академия жанынан құрылған Жаңа материалдар және энергетикалық технологиялар институты (INMET), стратегиялық маңызды минералдар және энергетикалық материалдар бойынша дайындалған флагмандық бағдарлама осы міндеттермен ұштасады. Мақсатымыз – зерттеуді саланың нақты сұранысына жақындатып, отандық ғылыми әлеуетті технология әзірлеуге және оны игеруге жұмылдыру. Геологиялық барлауда да ғылыми деректерді жүйелеу, заманауи модельдеу мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Академияның стратегиялық маңызды минералдар бойынша қалыптастырып жатқан флагмандық бағыты, халықаралық ғылыми байланыстары осы міндетке қызмет етуі керек», – дейді ол.

Ғалымның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселесі ғылыми негізге сүйенуге тиіс.

«Жолдауда ауыл шаруашылығын технологиялық жаңарту, жасанды интеллект енгізу, суды тиімді қолдану және өнімді терең өңдеу міндеттері өзара байланыста қарастырылған. Бұл мәселелерді бір-бірінен бөліп шешу қиын. Су қорының мүмкіндігін білмей егістікті ұлғайту, ал шикізаттың сапасы мен көлемін анықтамай өңдеу зауытын жоспарлау қисынсыз. Сондықтан селекция мен өңдеу өнеркәсібінің арасындағы байланысты күшейту қажет. Жоғары өнімділікпен қатар, құрғақшылыққа, ауруға төзімділік және өңдеуге қажетті технологиялық қасиеттер де ескерілуі тиіс. Егіннің мол шығуы жеткіліксіз: одан қандай өнім алуға болатынын, сол өнімге нарықта сұраныс бар-жоғын алдын ала білуіміз керек. Академия осы сабақтастықты негізге алып, «Жұмсақ бидайдың құрғақшылық пен ауруларға төзімді жаңа сорттарын шығаруға бағытталған» тақырыбында флагмандық бағдарлама дайындады. Геномдық тәсіл өсімдіктің тұқымқуалаушылық ерекшеліктерін зерттеуге көмектессе, феномдық технологиялар оның нақты ортада қалай өсіп, қандай өнім беретінін кешенді бағалауға мүмкіндік береді. Бұл селекциялық ізденісті өңдеу өндірісінің талабымен ұштастыруға жол ашады. Бұл жұмыста шетелдік озық тәжірибені игерудің маңызы зор. Бірақ технология трансфері дайын жабдықты әкелумен шектелмеуі қажет. Онымен бірге зерттеу әдісі, инженерлік білім, маман даярлау және технологияны жергілікті жағдайға бейімдеу мүмкіндігі келуге тиіс. Академия халықаралық ынтымақтастықты осы бағытқа бұрып отыр. Суды басқарудағы нақты Академияның үлкен бастамасының бірі – қытайлық әріптестермен бірлесіп дамытылып жатқан DeepBAS жасанды интеллект платформасы. Оның алғашқы пилоттық бағыты – су балансын болжауға, құрғақшылық пен тасқын қаупін бағалауға арналған су саласындағы жасанды интеллект агенті. Бұл бастама Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауына ие болды. Жобаны 2027 жылдан бастап Арал–Сырдария, Балқаш–Алакөл және Шу–Талас су бассейндерінде сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Осы жұмыстың жалғасы ретінде «DeepBAS жасанды интеллекті негізінде су ресурстарын басқарудың интеграцияланған жүйесі» атты флагмандық бағдарлама дайындалды. Мұндағы басты міндет – әртүрлі деректі біріктіріп, суға қатысты шешімнің дәлдігін арттыруға қажетті құрал қалыптастыру. Егіс құрылымын жоспарлау, суару мерзімін белгілеу, тапшылықтың ықтимал салдарын алдын ала бағалау осындай ғылыми негізге сүйенуге тиіс», – дейді ол.

Сонымен қатар ол жасанды интеллектінің пайдасы нақты іспен өлшенетінін, ғылым – мәселе қойылған сәттен бастап шешім қабылдауға, жобаны сынауға және нәтижесін бағалауға қатысуы қажет екенін айтады.

«Жолдауда цифрландыруды қымбат бағдарламаларды сатып алумен немесе іс-шара өткізумен алмастыруға болмайтыны айтылды. Бұл ескерту ғылымға да тікелей қатысты. Есептеу қуаты мен деректер қоры нақты ғылыми міндетті шешуге пайдаланылғанда ғана құнды. Академия бастамасымен жасалып жатқан Qazaqstan AI for Science зерттеу үдерісінің бүкіл кезеңінде жасанды интеллектіні қолдануды көздейді. Ғылыми әдебиетті талдау, болжам ұсыну, модельдеу, эксперимент жүргізу және нәтижені тексеру өзара сабақтас болуы керек. Сонымен бірге ғылыми қорытынды мен практикалық шешім үшін жауапкершілік ғалымның өзінде қалады. Академиядағы Кореяның ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесіп құрылған AI SilkNet орталығы әлемдік ғылыми үрдістерді талдауға, жаңа мүмкіндіктер мен технология трансферінің бағыттарын анықтауға арналған. Бұл құралдар мемлекетке ғылыми инвестицияны қайда бағыттау керектігін дәлірек бағалауға көмектесуге тиіс. Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға жұмсалатын әр теңгенің артында халықтың сенімі мен келер ұрпақтың мүддесі тұр. Реформа жасауға, жоба әзірлеуге, құрылыс бастауға миллиондаған теңге жұмсалатыны белгілі. Ал сол жұмыс ғылыми негізсіз жүргізілсе, кейін қатені түзеуге миллиардтаған теңге шығын кетуі мүмкін. Сапасыз жолды қайта салу, суы жетпейтін өндірісті қамтамасыз ету, жергілікті жағдайға бейімделмеген технологияны ауыстыру әлдеқайда қымбатқа түседі. Сондықтан ғылымды дайын шешімге кейін қосылатын сараптама деп қарауға болмайды. Ол мәселе қойылған сәттен бастап шешім қабылдауға, жобаны сынауға және нәтижесін бағалауға қатысуы қажет. Әр реформаның артында дәлел, әр құрылыстың негізінде есеп, әр технологияның алдында сынақ болуы керек. Ұлттық ғылым академиясының ұстанымы осы: ел қаржысы нақты игілікке айналуы үшін әрбір реформа мен әрбір ірі жұмыстың берік ғылыми негізі болуға тиіс», – дейді ол.

Тэгтер:

жолдау Қазақстан халқына жолдау