TikTok-та балағат сөз айтқан 18 жастағы қыз айыппұл арқалады

28 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
Stan.kz коллажы

Талдықорғанда TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, бейәдеп сөздер қолданған 18 жастағы қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 86 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, құқықбұзушылық полиция қызметкерлерінің әлеуметтік желілерге жүргізген мониторингі кезінде анықталған.

Талдықорған қаласының 18 жастағы тұрғыны TikTok платформасында тікелей эфир жүргізу барысында балағат сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

Осыдан кейін полиция аталған жағдайға қатысты материалдар жинап, оларды тиісті шешім қабылдау үшін уәкілетті органға жолдаған.

"Тиісті материалдар заңды шешім қабылдау үшін уәкілетті органға жолданды. Сот шешімімен қызға 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды", – делінген полиция хабарламасында.

Осылайша, тікелей эфирдегі әрекеті үшін бойжеткенге 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынған. Құқық қорғау органдары интернет кеңістігінде де қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын сақтау міндетті екенін ескертті.

Полицияның түсіндіруінше, әлеуметтік желілерде, оның ішінде тікелей эфир кезінде жасалған құқыққа қайшы әрекеттер де әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Тэгтер:

Айыппұл Талдықорған