Қытай Ресей мұнайына балама тапты – Bloomberg

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат

Қытайдың мұнай өңдеу зауыттары Батыс Африка мен Бразилиядан мұнай сатып алуды көбейте бастады. Бұған Ресей мұнайының қымбаттауы және теңіз арқылы тасымалдау құнының төмендеуі әсер еткен. Bloomberg мәліметінше, Қытайға желтоқсанда жеткізілуі тиіс африкалық және бразилиялық мұнай партиялары Brent маркасының бағасына қатысты барреліне 15-20 доллар үстемемен ұсынылып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Негізгі себептің бірі – Ресейдің Қиыр Шығысынан жеткізілетін ESPO маркалы мұнай бағасының өсуі. Тамыздың соңында оның Brent бағасына үстемесі барреліне шамамен 5 доллар болса, қыркүйектің соңында 30 долларға дейін жеткен. Кейін бұл айырма 20 долларға жуықтағанымен, ресейлік мұнай екі ай бұрынғыдан әлі де қымбат.

Бағаның өсуі әсіресе Қытайдағы шағын тәуелсіз мұнай өңдеу зауыттарына әсер етіп отыр. Олар шығынды азайту үшін дәстүрлі түрде Ресей мен Иран мұнайын сатып алатын. Алайда Ираннан жеткізілімге қойылған шектеулер мен Ресей мұнайының қымбаттауы кәсіпорындарды өзге жеткізушілерді іздеуге мәжбүр еткен. Сауда өкілдерінің мәліметінше, Қытайдағы кемінде бір тәуелсіз мұнай өңдеу зауыты Бразилия мұнайын сатып алған.

Қытай компаниялары қарастырып отырған шикізат түрлерінің арасында Экваторлық Гвинеяның Ceiba, Анголаның Saturno және Бразилияның Mero маркалары бар. Бұған дейін алыс қашықтыққа тасымалдаудың қымбаттығы бұл жеткізілімдердің тартымдылығын төмендеткен. Қазір теңіз тасымалы арзандағандықтан, олардың бәсекеге қабілеттілігі артып отыр.

Vortexa аналитикалық компаниясының дерегінше, Батыс Африкадан Қытайға мұнай тасымалдау құны барреліне шамамен 33 доллардан 24,5 долларға дейін төмендеген. Тасымал бағасының арзандауына Парсы шығанағынан мұнай жеткізу көлемінің біртіндеп қалпына келуі әсер еткен. Бұған дейін өңірдегі экспорт іркілістері Азия елдерін алыс нарықтардан мұнай іздеуге мәжбүрлеп, танкерлерге сұраныс пен тасымал құнын арттырған.

Ресей мұнайына бәсекелестік тудырып отырған тағы бір бағыт – Таяу Шығыс. Мәселен, Ирактың Basrah маркалы мұнайы Brent бағасына қатысты барреліне шамамен 15 доллар үстемемен ұсынылып отыр.

Дегенмен Қытай ресейлік мұнайдан толық бас тартып жатқан жоқ. Мұнай өңдеушілердің мақсаты – жеткізушілер санын көбейтіп, шикізат шығынын азайту. Алдағы сатып алу көлеміне мұнай бағасы, Таяу Шығыстағы жағдай және теңіз тасымалының құны әсер етеді.