Қытай жастары мысық пен иттің орнына кірпіш асырай бастады

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат

Қытайда жастар арасында ерекше әуестік таралып жатыр: олар үй жануарының орнына кәдімгі кірпіш алып, оның бетіне мүк өсіреді. Бұл туралы The Guardian басылымына сілтеме жасаған БАҚ жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мұндай «үй жануарын» күту қиын емес. Кірпішті күніне екі-үш рет сумен бүркіп тұрса жеткілікті. Уақыт өте келе оның бетіне мүк жайылып, кірпіш жасыл түске енеді. Су тимей қалса, мүк қурағандай күйге түседі, ал қайта суарғанда тіршілігін жалғастырады.

Жастардың айтуынша, кірпіш асырау көп қаражат пен уақытты қажет етпейді. Оны тамақтандырудың, серуендетудің немесе үнемі көңіл бөлудің қажеті жоқ. Соған қарамастан, оның біртіндеп жасыл түске енуін бақылау адамға қуаныш сыйлап, өзіне серік тапқандай сезім береді.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әуестікті әзілге айналдырып қана қоймай, кірпіштерінің суреттерін де бөлісіп жүр. Кейбірі мұндай ермектің артықшылығын оның ешқандай міндет жүктемейтінімен түсіндіреді.

Бақылаушылар бұл үрдісті Қытай жастарының күнделікті күйзеліс пен қоғамның күтуінен шаршауымен байланыстырады. Жұмыс табудағы қиындықтар мен жетістікке үнемі ұмтылу қысымы жағдайында кейбір жастар көп күш талап етпейтін қарапайым істерден қуаныш іздейді.

Кірпіш асырау мысық пен иттің орнын толық баспаса да, аз шығынмен көңіл бөлетін ермекке айналған. Әлеуметтік желіде танымал болған бұл үрдіс жастардың демалыс пен эмоционалдық жайлылықты іздеу тәсілдерінің өзгеріп жатқанын көрсетеді.

Тэгтер:

Қытай