Испаниядағы теміржол апатынан 50-ге жуық адам қаза тапты

Бүгін, 17:48 / Алуа Арман
Фото: The Independent

Испанияның Толедо провинциясындағы жоғары жылдамдықты теміржол желісінде екі пойыз соқтығысып, салдарынан кемінде 46 адам қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Апат жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 8:54 шамасында 118-шақырымда, Лос-Йебенес пен Урда елді мекендерінің арасында болған. Апатқа Renfe компаниясының AVE пойызы мен Iryo жеке операторының пойызы қатысқан. Екі пойыз да Мадрид — Севилья бағыты бойынша жүрген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Renfe пойызы тоқтап тұрған немесе жылдамдығын бәсеңдеткен Iryo пойызына артынан соғылған.

Оқиға орнында өрт сөндірушілер, Азаматтық қорғаныс қызметкерлері мен медициналық бригадалар жұмыс істеп жатыр. Апат орнына санитарлық тікұшақтар мен жылжымалы реанимациялық бригадалар жіберілген. Кастилия-Ла-Манча билігі өңірлік төтенше жағдайлар жоспарын іске қосты.

Мадрид, Сьюдад-Реаль және Андалусияны байланыстыратын теміржол учаскесінде пойыздар қозғалысы тоқтатылды. Қозғалыстың қашан қалпына келтірілетіні әзірге белгісіз.

Қайғылы оқиғаға байланысты Испания үкіметі жоспарланған іс-шараларды тоқтатты. Испанияның Халықтық партиясы мен «Кең майдан» да өз іс-шараларының өткізілмейтінін мәлімдеді. Премьер-министр Педро Санчес көлік министрімен тұрақты байланыста екенін айтып, зардап шеккендер мен олардың отбасыларына қолдау білдірді.

Апаттың алдын ала болжанған себептері сигнал беру жүйесіндегі (LZB) ықтимал ақауларға, сондай-ақ адами факторға байланысты болуы мүмкін. Кейбір мәліметтерге сәйкес, алда басқа пойыз тұрғанына қарамастан, бағдаршамның рұқсат беретін сигналы қосылған. Апаттың нақты себебі ресми тергеу барысында анықталады.

Бұл – 2026 жылы Мадрид – Андалусия теміржол желісінде Renfe және Iryo пойыздарының қатысуымен болған екінші ірі оқиға. Қаңтар айында Кордова провинциясындағы Адамус қаласында пойыздардың соқтығысуы салдарынан 46 адам қаза тапқан. Испания билігі мен теміржол операторлары жаңа апаттың мән-жайын тергеп жатыр.

Тэгтер:

Пойыз теміржол Испания апат