Ерлан Қарин Президент Жолдауын іске асыруға қатысты басты міндеттерді талқылады

Бүгін, 16:54 / Інжу Әлихан
Ақорда

Вице-Президент Ерлан Қарин Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен тиісті мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен идеологиялық кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ең алдымен Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда көтерген бастамалары еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі дамуының іргетасын қалайтынын атап өтті.

– Мемлекет басшысының Жолдауы – маңызды стратегиялық құжат. Президент ұсынған бастамалар көлік инфрақұрылымы мен энергетикадан бастап, цифрландыру және аграрлық секторға дейінгі түрлі салалардағы мемлекеттік саясаттың іргелі басымдықтарын айқындайды. Осылайша, Мемлекет басшысы белгілеген нақты міндеттер алдағы бірнеше жылға арналған жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастырады. Атап айтқанда, бұлар – Халықтық құрылыс, цифрлық экономиканы кезең-кезеңімен қалыптастыру, мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды реформалау және басқа да бастамалар, – деді Ерлан Қарин.

Вице-Президенттің айтуынша, тиісті мемлекеттік органдар Президент бастамалары мен тапсырмаларын сапалы орындауға баса назар аударуға тиіс.

– Мемлекет басшысының көптеген бастамасы стратегиялық сипатқа ие әрі миллиондаған азаматтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Сондықтан Президент тапсырмаларының едәуір бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға және оның қолжетімділігін қамтамасыз етуге, ең төменгі жалақыны арттыруға, инфляциямен күресуге, әділ салық саясатын жүргізуге, шағын және орта бизнесті, мұғалімдер мен медицина қызметкерлерін қолдауға, инклюзивті дамуды қамтамасыз етуге және басқа да маңызды міндеттерге бағдарланған. Инфрақұрылымды ауқымды жаңарту бағдарламасының Жолдауда «Халықтық құрылыс» деп аталуы кездейсоқ емес. Өйткені барлық нысан халықтың және келер ұрпақтың игілігіне қызмет етеді. Бұл бағдарламаның мәні мен мақсатын түсіндіретін өте маңызды жайт, – деді Ерлан Қарин.

Кеңес қорытындысы бойынша Вице-Президент тиісті мемлекеттік органдардың алдына Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға қатысты алдыңғы кезектегі міндеттердің үш негізгі бағытын белгіледі.

Бірінші міндет – Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі іске асыру жөніндегі стратегиялық құжаттар мен жоспарларды уақтылы әзірлеу.

Екінші міндет – Президенттің әлеуметтік маңызы бар бастамаларын заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз ету.

Үшінші міндет – тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру.

Вице-Президент осы міндеттерді нәтижелі орындау үшін мемлекеттік аппаратты белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеуге шақырды.