Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Орал қаласында үйлену тойына арналған автокортеж қозғалысы кезінде жастардың көлік терезесінен бастары мен денелерін шығарып тұрғаны бейнеленген видео полицияның назарына ілікті. Жазбада "Гулянка осылай бола ма, қалай?" деген жазу болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бейнежазбаны зерделеу барысында автокортеждің Орал қаласындағы көпір үстімен қозғалғаны, сол сәтте жолда өзге де көліктер болғаны байқалды. Жастардың көлік терезесінен денелерін шығарып, өздерінің де, басқа жол қозғалысына қатысушылардың да қауіпсіздігіне қатер төндіргені көрінеді.
Сондай-ақ Пугачев көшесінен Махамбет - Исатай көшесіне бұрылатын қиылыста кортеждегі жастардың көлік терезесінен денелерін шығарып, қолдарымен түрлі қимылдар жасағаны, ал жүргізушінің қауіпті маневрлерге барғаны бейнежазбада тіркелген. Аталған әрекеттер қала тұрғындарының сынына ұшырады.
Полиция қызметкерлері оқиғаға жедел ден қойып, бейнежазбада көрсетілген Toyota Land Cruiser Prado және Subaru Legacy автокөліктерінің жүргізушілерін, сондай-ақ көлік терезесінен денелерін шығарып, қауіпті әрекеттер жасаған азаматтарды анықтады. Олар – облыс тұрғындары, 19-22 жас аралығындағы жігіттер. Оларға қатысты профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жүргізушілер мен жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндірген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мерекелік көңіл күй жол қозғалысы ережелерін елемеуге себеп болмауы тиіс. Қозғалыстағы көліктің терезесінен басын немесе денесін шығару, сондай-ақ қауіпті маневрлер жасау қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.