«Халықтық құрылыс» бағдарламасы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді – сарапшы

Бүгін, 15:50 / Інжу Әлихан

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялап, еліміздің барлық өңірінде инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілетінін айтты. Сондай-ақ Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу көзделіп отыр. Қазақстан құрылысшылар одағы Сараптама бөлімінің басшысы Ернұр Исақұлов бұл бастаманың отандық құрылыс компанияларына жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірлердің экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы құрылыс саласына тың серпін беріп, отандық құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндірушілер үшін қосымша тапсырыстар қалыптастырады, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Ең бастысы – бөлінетін қаражат нақты инфрақұрылымдық жобаларға тиімді бағытталып, олардың іске асырылуына қазақстандық компаниялардың кеңінен қатысуы қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Ернұр Исақұлов.

Оның пікірінше, ауқымды құрылыс жұмысы өңірлердегі инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына да оң әсер етеді.

«Жолдар, тұрғын үйлер, инженерлік желілер, мектептер, ауруханалар және өзге де инфрақұрылымдық нысандардың салынуы өңірлердегі өмір сүру сапасын тікелей арттырады.

Сонымен қатар ауқымды құрылыс инвестиция тартуға, жаңа кәсіпорындардың ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына және өңірлерде тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне серпін береді», – деді сарапшы.

Ернұр Исақұлов Президенттің Жолдауда құрылыс саласына ерекше назар аударуын қуантарлық жағдай екенін атап өтті.

«Жалпы алғанда, Президенттің Жолдауда құрылыс саласына ерекше назар аударғанын толық қолдаймыз. Құрылыс – ел экономикасының дамуына тікелей ықпал ететін негізгі салалардың бірі. Біздің ойымызша, Мемлекет басшысы Жолдауда саланың негізгі проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған стратегиялық дұрыс бағыттарды айқындады», – деді ол.