Ақтау қаласының №2 сотында Б-ның хирург-дәрігер С-ға материалдық залалды өтеу және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жауапкер С. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі берген мемлекеттік лицензия негізінде хирургиялық қызметпен айналысқан.
Сот отырысында анықталғандай, 2022 жылғы маусымда жауапкер С. талап қоюшыға бет пішінін түзету мақсатында пластикалық операция жасаған. Алайда хирургиялық араласудан кейін пациенттің құлақ және бет аймағында келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндердің жағдайы мен сыртқы келбеті нашарлаған.
Алғашқы емдеу жүргізілгеніне қарамастан, талап қоюшының денсаулық жағдайы жақсармаған.
Денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты ол басқа мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Сотта анықталғандай, 2025 жылы Алматы қаласында талап қоюшыға қайталама түзету операциясы жасалған. Операциядан кейін бет нерві тармағының зақымдануы және жұмсақ тіндердің деформациясы орын алған. Аталған медициналық салдарлардың нәтижесінде пациент ұзақ уақыт бойы физикалық жайсыздық пен ауыр психологиялық күйзелісті бастан өткерген.
Талап қоюшы сотқа сапасыз медициналық қызмет көрсетілуіне байланысты келтірілген 20 млн теңге мөлшеріндегі материалдық залалды, сондай-ақ шеккен моральдық және тән азабы үшін 10 млн теңге мөлшерінде өтемақы өндіру туралы талаппен жүгінген.
Сот істің материалдарын жан-жақты зерттей келе, материалдық залалды өтеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Себебі талап қоюшы кейінгі емдеу рәсімдеріне жұмсалған барлық шығындарды растайтын құжаттарды ұсынбаған.
Сонымен қатар, сапасыз медициналық қызмет көрсету нәтижесінде денсаулыққа зиян келтірілгені және моральдық зиян шегілгені сот сараптамаларының қорытындыларымен толық расталды.
Осы мән-жайларды ескере отырып, сот талап қою талаптарын ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімімен жауапкер С-дан талап қоюшы Б-ның пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 3 млн теңге өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.