Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту және заманауи, қауіпсіз әрі жайлы оқу жағдайларын жасау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
2019 жылдан бері елімізде 1,1 млн оқушыға арналған 1 342 мектеп салынды. Мектеп инфрақұрылымын кеңейту нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 5 есе, апатты мектептер саны 2 есе, ал оқушы орындарының тапшылығы 4 есе азайды.
Негізгі бағыттардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды, оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Нәтижесінде үш ауысымды 54 және апатты жағдайдағы 12 мектептің мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі орын жетіспеушілігі қысқарды.
Жаңа форматтағы мектептер заманауи пәндік кабинеттермен, STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, спорт залдарымен және балалардың жан-жақты дамуына арналған алаңдармен жабдықталған. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құруға айрықша назар аударылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры да маңызды тетіктердің бірі болды. Қор сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен құралады және жаңа мектептер салу, қолданыстағы нысандарды реконструкциялау, сондай-ақ қосымша ғимараттар тұрғызу арқылы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушыға арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілді, қалған жетеуін биылғы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жалғасуда. Әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету басымдық болып қала береді.
3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қосымша білім берудің қолжетімділігін арттыру, үйірмелер, шығармашылық орталықтар мен спорт секцияларының желісін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бүгінде 3,5 млн бала, яғни балалардың 90%-ы қосымша біліммен қамтылған. Бұл өскелең ұрпақтың шығармашылық, зияткерлік және дене дамуына арналған мүмкіндіктердің едәуір кеңейгенін көрсетеді.
Соңғы екі жылда қосымша білім беру ұйымдарының желісі айтарлықтай кеңейді. 2024 жылы елімізде 1 713 ұйым жұмыс істесе, 2026 жылы олардың саны 2 896-ға жетті. Соңғы үш жылда 26 мыңға жуық орынға арналған 48 жаңа нысан салынды. Бұл балалардың шығармашылықпен, спортпен, музыкамен, робототехникамен және басқа да бағыттармен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтті.
Балалардың тұрғылықты жері мен отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Бүгінде 2,2 млн оқушы үйірмелер мен спорт секцияларына тегін қатысады, олардың 1 миллионға жуығы – ауыл балалары.
Қосымша білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі – «бір бала – бір ваучер» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландырудың бірыңғай тетігін енгізу.
2025 жылғы маусымнан бастап спорт, шығармашылық және қосымша білім беру салаларын қамтитын бірыңғай ваучерлік жүйе пилоттық режимде іске қосылды. Алғашқы кезеңде жоба алты өңірде: Астана және Шымкент қалаларында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарында басталды. 2026 жылы жобаға тағы бес өңір – Абай, Ақмола, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстары қосылды.
Қазіргі таңда ваучерлік жүйе еліміздің 11 өңірін қамтиды. 770 мыңнан астам бала қосымша білім алуға ваучер алды.
Цифрлық тетіктерді енгізу мемлекеттік тапсырысты бөлудің ашықтығын арттыруға, негізсіз қаржыландыру жағдайларын болдырмауға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 38 мыңнан астам бұзушылық анықталып, 2,9 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді.
Қаржыландыру тетіктерін жетілдірумен қатар қосымша білім беру және балалар демалысы инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебін, сондай-ақ 50 балаларды сауықтыру орталығын ашу көзделген. Бұл бастама балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, бос уақытын мазмұнды өткізуіне және толыққанды демалуына арналған заманауи кеңістіктер құруға бағытталған.
1,7 миллионнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген
Қазақстанда балаларды әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту және білім алуға қолайлы жағдай жасау бойынша дәйекті жұмыс жалғасуда. Өскелең ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат аясында мектептерде тегін ыстық тамақ ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Соңғы жеті жылда тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны 3,5 есеге жуық өсті. 2019 жылы бұл қолдау шарасымен 495,1 мың оқушы, 2021 жылы 795,8 мың оқушы қамтылса, 2026 жылы олардың саны 1 млн 716 мыңға жетті. Осылайша, жеті жылда қамту көрсеткіші 1,2 миллионаннан астам балаға артты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылғы қыркүйектен бастап мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушыларын отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету маңызды қадам болды. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттарға жататын 5-11 сынып оқушыларына да тегін тамақ беріледі. Бұл шара отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейтуге, ата-аналардың қаржылық жүктемесін азайтуға және балаларға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Оқушыларды қамту ауқымының кеңеюімен қатар мемлекеттік қаржыландыру көлемі де айтарлықтай артты. 2019 жылы мектепте тамақтандыруды ұйымдастыруға 14,9 млрд теңге, 2021 жылы 31,8 млрд теңге бөлінді. 2026 жылы осы мақсатқа 210 млрд теңге қарастырылған. 2019 жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 14 еседен астам өсті.
Мектептегі тегін тамақ балалардың тұрғылықты жері мен отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Мемлекеттік қолдауды кеңейту қолжетімді әрі әлеуметтік бағдарланған білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Өскелең ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Оқушыларды тегін тамақпен қамтудың дәйекті кеңеюі мен бюджеттен қаржыландырудың өсуі балаларды әлеуметтік қорғауды нығайту, олардың өмір сүру сапасын арттыру және еліміздің адами капиталын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмысты көрсетеді.