Астана әуежайында бомба бар екенін айтып әзілдеген шетел азаматы рейстен түсірілді

Бүгін, 08:17 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Терроризмге қарсы орталықтың ресми сайты

Астана әуежайында бомба бар екенін айтып әзілдеген шетел азаматы рейстен түсірілді. Оқиғаға байланысты авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көлік полициясы тиісті шаралар қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz Терроризмге қарсы орталыққа сілтеме жасап.

Түскен мәлімет бойынша, жолаушы ұшар алдындағы рәсімдер кезінде өзінде жарылғыш құрылғы бар екенін әзіл түрінде айтқан. Әуежай қызметкерлері бұл мәлімдемеге қауіпсіздік талаптарына сәйкес әрекет еткен.

Кейін тиісті тексеру шаралары ұйымдастырылып, жолаушы рейске жіберілмеді. Оқиғаның мән-жайы құзыретті органдардың қарауына берілді.

"Әуежайларда жарылғыш заттар туралы кез келген мәлімдеме, тіпті әзіл ретінде айтылса да, ықтимал қауіп ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайлар міндетті түрде тексеруді талап етеді және заңда көзделген құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

Авиациялық қауіпсіздік саласында жолаушылар мен экипаждың өмірі мен денсаулығын қорғау басты басымдық болып саналады. Сондықтан жарылғыш құрылғылар туралы жауапсыз мәлімдемелерге жол берілмейді", - делінген хабарламада.