«Өз өмірлеріңді түзеп алыңдар»: Дариға Бадықова жағымсыз пікір жазатындарға ескерту жасады

Бүгін, 07:44 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты жағымсыз пікір жазатындарға жауап берді. Ол оқырмандарын өзгенің өмірін талқыламай, жеке дамуға көңіл бөлуге шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі жазбасында біреудің өмірін мазақ етіп, тағдырына қатысты кесімді пікір айтудың дұрыс емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, ешкім өз баласының болашағына, денсаулығы мен бақытына кепілдік бере алмайды.

«Біреудің бүгінін мазақ етіп, өз ертеңдеріңе тым сенімді болмаңдар!» – деп жазды ол.

Сондай-ақ актриса кейбір адамдардың оның үнсіздігін әлсіздікке балап жүргенін айтты. Ол өз өмірін өзгелердің пікіріне қарап құрмайтынын жеткізіп, парақшасындағы жазбалары ұнамайтын жандарға оны оқымауға кеңес берді.

Дариға Бадықова өз табысына қатысты айтылған сынға да тоқталды. Ол қазіргі жетістігіне білімінің, еңбегінің және табандылығының арқасында жеткенін атап өтті.

«Бұл мамандық көшеден келген жоқ! Төрт жыл академияда оқыған білімнің, жылдар бойғы маңдай тердің, табандылық пен күрестің жемісі!» – деп жазды актриса.

Өнер иесі табысына тіл тигізетіндерге де үндеу жасады. Оның айтуынша, әр адам өзгенің жетістігін қызғанудың орнына, өзін дамытуға және кәсіби тұрғыдан өсуге ұмтылуы керек.

Сонымен қатар актриса өзін қолдап, еңбегін бағалайтын оқырмандарына алғыс білдірді. Ол сыни пікір мен адамның ар-намысына тиетін сөздің ара-жігін ажырату керектігін еске салып, парақшасында артық әңгіме жазатын қолданушыларды бұғаттайтынын мәлімдеді.

«Менің сөзім барша оқырманға емес, дәл соларға арналған! Іштеріңдегі қызғанышты менің парақшама төкпеңдер! Бұл парақша менікі!» – деп жазды Дариға Бадықова.