Қазақстандық балуан Бағдат Сабаз елордада өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Отандасымыз жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, қола жүлде үшін өткен белдесудегі өнеріне баға берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Қола жүлде үшін өткен белдесудегі өнеріме көңілім толды. Қарсыласым осал емес, Олимпиада жүлдегері. Белдесу өте тартысты әрі ауыр өтті. Әлем чемпионаты өз жерімізде өтіп жатқандықтан, барымды салдым.
Төрт ұпай айырмасымен жеңіліп жатқанда да іштей жеңіске жететініме сендім.
Қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғысымды білдіремін. Олардың қолдауын сезіндім. Сондай-ақ жеке жаттықтырушы мен бас бапкерге көп рақмет. Сол кісілердің арқасында жеңіске жеттім.
Алдағы уақытта 67 келіде күресуді жалғастырамын. Енді келесі жылы өтетін әлем чемпионатына дайындаламыз", - деді Бағдат Сабаз.