Астанада балабақшада 1,5 жасар бала ыстық сорпаға күйіп қалды

Бүгін, 22:37 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Астанадағы балабақшалардың бірінде 1,5 жасар сәби ыстық сорпаға күйіп, денесін күйік шалды. Баланың анасы мекеме қызметкерлерінің әрекетіне шағымданып, құқық қорғау органдарына жүгінген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 2 қазанда елордадағы балабақшалардың бірінде болған. Бұл туралы ақпарат Astanovka 98 Telegram арнасында жарияланды. Сәбидің анасының айтуынша, балабақшада болған жазатайым оқиға салдарынан баласының денесінің 10 пайызын күйік шалған.

Қазіргі уақытта бүлдіршін үй жағдайында ем қабылдап жатыр.

Анасы балабақша әкімшілігінің әрекетіне наразылық білдірген. Оның сөзінше, мекеме өкілдері оқиғаның өздеріне қатысы бар екенін мойындамай, бейнебақылау камераларына түсіп қалған жазбаларды бермеген.

«Сәбидің анасының айтуынша, балабақша бейнебақылау камераларына түскен жазбаны бермей отыр және болған оқиғаның өздеріне қатысын жоққа шығаруда. Ол полиция мен мемлекеттік органдарға арызданған», – делінген Telegram арнасындағы хабарламада.

Осы жағдайдан кейін баланың анасы құқық қорғау органдарына арыз түсіріп, оқиғаның мән-жайын анықтауды сұраған. Астана қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Полицияның мәліметінше, іс балабақша қызметкерінің кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауы фактісі бойынша тергеліп жатыр.

«Балабақша қызметкерінің кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленді. Олар зерттеліп жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті.

Құқық қорғау органдары балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын алып, тексеруге кіріскен. Тергеу барысында баланың қандай жағдайда күйік алғаны және оған жауапты қызметкерлердің әрекеті анықталмақ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әзірге балабақша қызметкерлерінің кінәсі сот тәртібімен анықталған жоқ.

Тэгтер:

Астана