Алматы облысында екі жаңа нысан пайдалануға берілді

Бүгін, 17:43 / Інжу Әлихан
Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысы Кеген ауданында заманауи ет өңдеу зауыты мен Алматы – Кеген автожолының бойындағы трассалық кешен пайдалануға берілді. Жаңа жобалар өңірдің өндірістік және жол бойындағы инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауданда «КегенМясПром» заманауи ет өңдеу зауыты өз жұмысын бастады. Кәсіпорын тәулігіне 10 тонна ет өңдеп, жартылай фабрикаттардың 20 түрін өндіруге мүмкіндік береді. Қазір зауытта 50-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Дайын өнім ірі сауда желілері мен өндіріс орындарына жеткізіледі.

Жобаның іске қосылуы өңірдегі мал шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға, отандық өнім көлемін арттыруға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Алматы – Кеген автожолының бойында заманауи талаптарға сай жабдықталған Compass трассалық кешені ашылды. «AZS Compass Group» ЖШС жүзеге асырған жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынған.

Инвестордың жеке қаражаты есебінен салынған кешен құрамына жанар-жағармай құю бекеті, тамақтану орны және жылдам қызмет көрсететін дүкен кіреді. Кешеннің ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, аудан басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Алматы – Кеген автожолы еліміздің маңызды көлік бағыттарының бірі саналады. Сондай-ақ бұл жол Шарын шатқалы, Көлсай және Қайыңды көлдері секілді туристік нысандарға баратын негізгі бағыттардың қатарында.

Жаңа трассалық кешен жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымын жақсартып, өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, Кеген ауданында іске қосылған екі жоба өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жол бойындағы сервисті жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.