«Денесі ауырғанның қолын ғана емдеуге болмайды»
Зейнетақы қоры төңірегінде қордаланған мәселелерді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қоғамдық комиссиясы қарастыруда. Осы күнге дейін жабық болған жаңартулар осы кеңестің арқасында жария болды. Зейнетақы қорының келешек бағыттары мен өзгерістер, халық үшін қарастырылған жаңашылдықтары туралы да көпшілік осы қордың жұмысы арқылы біліп, Facebook-те ашылған арнайы парақшада өз ұсыныстары мен талаптарын да енгізген болатын. Бірақ жуырда осы Қоғамдық кеңестен саясаттанушы Досым Сәтпаев, экономист Рахым Ошақбаев шығып кетті. Себебі олардың ұсыныстары комиссияның жұмысына қайшы келген. Бұл туралы саясаттанушының өзі былай дейді: «Себеп біреу-ақ. БЖЗҚ-мен пікіріміз қайшы. Қоғамдық кеңес немен айналысуы керек, қандай бағытта жұмыс жасауы керек деген мәселеде пікіріміз екі айырыла берді. Өткен аптада Қоғамдық кеңестің үшінші отырысы өтті. Мұнда мәселе ашық айтылды, нәтижесінде қор басшылары кейбір мәселені үстірт қарап, негізінен қордың ғана мүддесін көздегенін ашық білдірді. Айтқандай, осы мақсатта екінші отырыста тағы екі жұмыс тобы құрылған болатын. Біріншісі – қордың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған коммуникация бойынша жұмыс істейді, екіншісі – талдамалық, олар салымшылардың мүддесін ескере отырып, БЖЗҚ тиімділігін арттырумен айналысады. Алайда біз қордың мүддесімен ғана шектелсек, денесі ауырғанның қолын ғана емдеумен тең емес пе? Білуімізше, мемлекеттік емес зейнетақы қорларын біріктіру арқылы екінші ұлттық қор немесе мемлекет қазынасын жасағысы келді, сөйтіп оларды түрлі мемлекеттік жобаларға жұмсауды көздеді. Сонымен қатар, зейнетақы қорымен Ұлттық банк айналыса бастағаны кейбіреулерге ұнамады. Осы орайда біз үшінші жұмыс тобын, яғни халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын қарайтын топ құруды ұсындық. Өкінішке қарай, қор басшылығы бұл идеяға жылы қабақ танытқан жоқ», – деді Досым Сәтпаев. Жалпы, зейнетақы жүйесінің қайта құрылымдау төңірегінде айтылмаған әңгіме көп. Оның астарында ашылмаған сыр да көп. Дегенмен соңғы кезде мемлекеттік органдардың қызметін реттеу үшін қоғамдық кеңестердің құрыла бастағаны белгілі. Осы тұрғыда Расул Жұмалы Facebook-тегі парақшасында былай деп жазды. «Мемлекеттік орындар өз жұмысын жөнді атқармауы салдарынан түрлі мәселелерге қатысты қоғамдық кеңестер құрылған еді. Бірақ олардың да жұмысына сын көбейіп отыр. Негізінен шенділердің артқа сүйреуінен. Енді осы кеңестерді бақылайтын жаңа бір комиссия тағайындау керек шығар?». P.S. Қор төңірегінде түсінбейтін тұстар көп. Жабулы қазан күйінде жүргізіліп келе жатқандай. Жаңа жүйе қалыптастырып, қордың жұмысын жетілдіру қоғамдық кеңеске тапсырылған болатын. Бірақ басшылықты қордың қызметінен гөрі, сайтының дизайны көбірек толғандыратын сияқты.