Талдықорғанда лицензиясыз діни білім беру фактісі анықталды

Бүгін, 16:17 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Талдықорған қаласының прокуратурасымен діни қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуына жүргізген мониторинг заңсыз діни білім беру және азаматтарды тіркеу қағидаларын бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, қоғамдық қорлардың бірінің тиісті лицензиясыз діни білім берумен айналысқаны белгілі болды.

Сонымен қатар, қордың үй-жайларында 8 азаматтың тұрғылықты жері немесе уақытша болатын жері бойынша тіркеусіз тұрғаны анықталды. Аталған азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабының 1-бөлігі бойынша (тұрғылықты жері немесе уақытша болатын жері бойынша тіркеусіз тұру) әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Анықталған заң бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында Талдықорған қаласының прокуратурасы қоғамдық қорын тиісті лицензиядан айыру туралы талап арызды сотқа енгізді.

Сот шешімімен прокурордың талап қоюы толық қанағаттандырылды. Қор өкілі қойылған талаптарды мойындады.

Қазір сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Жетісу облысының прокуратурасы діни қызмет саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастыруда.