Абай облысында 1,4 мыңға жуық есірткі сайты бұғатталды

Бүгін, 15:25 / Алуа Арман
polisia.kz

Абай облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша облыс аумағында есірткіге қатысты 151 құқық бұзушылық тіркеліп, оның ішінде 77 қылмыс анықталған. Заңсыз айналымнан 423 келіден астам есірткі мен психотроптық зат тәркіленіп, заңсыз әрекеттерге қатысы бар 40 адам ұсталды.

Тәркіленген 423 келі 164 грамм заттың ішінде 306,3 келі марихуана, 111,6 келі қарасора, 1,9 келі гашиш, 3 келі гашиш майы және 190,7 грамм психотроптық зат бар. Ұсталғандардың арасында 17 жастағы бір кәмелетке толмаған жасөспірім де бар.

Сонымен қатар жыл басынан бері Алматы қаласы мен Павлодар облысынан Абай облысына есірткі жеткізетін екі тұрақты арнаның жолы кесіліп, 48 қылмыстық іс сотқа жолданды. Киберкеңістіктегі есірткі саудасына қарсы күрес те назардан тыс қалған жоқ.

Осы бағытта 1 389 есірткі сайты бұғатталып, "Anti-Fraud" ақпараттық жүйесі арқылы жалпы сомасы 14 миллион теңгеден асатын 321 күмәнді дроп-картаға шектеу қойылды. Әкімшілік бағытта 334 құқық бұзушылық анықталып, 147 адамға айыппұл салынды, 126 азамат әкімшілік қамауға алынды.

Жаз айларынан бері жүргізіліп келе жатқан "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 50 құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 215 келіден астам есірткі тәркіленді.

Брифинг барысында аумақтық бөлімшелерде есірткіні сақтау фактілерін анықтау жұмысын жандандыру және бақылау бекеттеріндегі тексерулерді күшейту қажеттігі де айтылды.

Есірткі қылмысының алдын алу мақсатында спорт және денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, білім беру ұйымдарында 520 профилактикалық іс-шара өткізілді.

Сонымен қатар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған арнайы бейнеролик әзірленді.

Тэгтер:

Есірткі Абай облысы сайт