Орал тұрғындарын алдап, 158 млн теңге алған келіншек сот залында босатылды

Бүгін, 15:22 / Алуа Арман
istockphoto.com

Орал қаласының тұрғыны жалпы сомасы 158 миллион теңгеден асатын бірнеше алаяқтық дерегі бойынша сотталды. Әйел өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, баспана сатып алуға көмектесуге уәде берген және жоғары пайызбен бизнеске ақша салуды ұсынған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2024–2025 жылдары әйел азаматтардың сеніміне кіріп, өзін Home Credit Bank, «Банк ЦентрКредит» және басқа да банктердің қызметкері ретінде таныстырған. Ол ипотека рәсімдеуге, жеңілдікпен баспана сатып алуға көмектесуге уәде беріп, автокөлік бизнесіне қатысуды және өзінің жеке кәсіпкерлігіне жоғары табыстылықпен инвестиция салуды ұсынған.

«Ұсыныстарының сенімді екеніне адамдарды иландыру үшін бастапқы кезеңде ол ақшаның бір бөлігін пайызымен қайтарып отырған. Төлем жасау үшін жаңа қатысушылардың қаражаты пайдаланылған. Кейін әйел ірі сомадағы ақшаны иемденіп кеткен. Сот барлығы 26 алаяқтық эпизодын анықтады. Жалпы келтірілген залал 158 миллион теңгеден асты», – делінген хабарламада.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізген. Ол жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде денсаулық жағдайын және кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескеруді сұраған.

Сот әйелді кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу шартымен 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталған әйелдің 14 жасқа толмаған баласы болуына байланысты жазаны орындау төрт жылға кейінге қалдырылды.

Әйел сот залында қамаудан босатылды. Оның мінез-құлқын бақылау Орал қаласының пробация қызметіне жүктелді.

Жәбірленушілердің материалдық залалды өтеу туралы талаптарының басым бөлігі 100 миллион теңгеден астам сомаға толық немесе ішінара қанағаттандырылды. Екі жәбірленушінің талап арызы залал ерікті түрде толық өтелгендіктен, қараусыз қалдырылды. Ал моральдық зиянды өтеу туралы талапты сот қанағаттандырмады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.

Тэгтер:

Алаяқ несие Орал алдау