Петропавл қаласындағы «Жастар» стадионында жұмыс кезінде биіктіктен құлап кеткен 24 жастағы жұмысшы қайтыс болды. Ауыр жарақаттар алған жас жігіт ауруханаға жеткізілген еді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиға 23 қазанда стадионның шатырын жылылау жұмыстары кезінде болған. Зардап шеккен азамат аса ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер шұғыл ота жасады. Хирургтер науқастың көкбауырын алып тастап, жіңішке ішегіндегі жыртылған жерлерді тігуге мәжбүр болды.
Сонымен қатар жас жігіттің бас сүйегі мен миы ауыр ашық жарақаттанғаны, миы соғылғаны, бас сүйек ішінде гематомалар пайда болғаны, бас сүйек күмбезі мен негізінің сынғаны анықталды. Сондай-ақ оның бет сүйектері мен қабырғаларының бірнеше жерден сынғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, дәрігерлер кеуде қуысының жарақаттануы салдарынан плевра қуысында ауа жиналуынан болатын жарақаттық пневмоторакс диагнозын қойды.
Дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, жас жігіт 25 қазанда қайтыс болды.