Шымкентте мүгедек болып қалған жолаушы сақтандыру компаниясынан ақша өндіріп алды

Бүгін, 14:47 / Алуа Арман
istockphoto.com

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына талап қоюшы А. жауапкер «A...» сақтандыру компаниясы» АҚ-на сақтандыру төлемін өндіру туралы талап қоюымен жүгінген, деп хабарлайды turkystan.kz.

2024 жылғы тамызда Қызылорда-Шиелі автожолында «Toyota Alphard» маркалы автокөліктің қатысуымен жол апаты болған.

Талап қоюшы осы жол апатынан зардап шегіп, оған ІІ топ мүгедектігі белгіленген.

Автокөлік жүргізушісінің кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен толық дәлелденген.

Кінәлі жүргізушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі «A...» сақтандыру компаниясы» АҚ-да сақтандырылған.

Талап қоюшы сақтандыру компаниясына сақтандыру төлемін  төлеуді сұраған.

Бірақ, сақтандыру компаниясы жүргізушінің талап қоюшыны «In...» қосымшасы арқылы ақылы тасымалдағанын, сәйкесінше сақтандыру төлемі тасымалдаушының жауаптылығы негізінде төленуі тиіс екенін алға тартып, төлем жасаудан бас тартқан.

Сот жауапкердің бұл уәждерімен келіспеді. Себебі, жүргізушінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жолаушылар тасымалына арнайы рұқсаты болмаған және тасымалдаушы ретінде сақтандыру шартын жасамаған. Жүргізушінің әрекетінде заңсыз кәсіпкерлік белгілерінің болуы оған заңды түрде ресми «тасымалдаушы» мәртебесін бермейді. Сондықтан бұл жағдай жол-көлік оқиғасынан ауыр зардап шеккен талап қоюшының заңды құқықтарын шектеуге және сақтандырушыны төлем жасау міндетінен босатуға негіз бола алмайды.

«Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Заңның 29-бабында сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартудың толық тізбесі көрсетілген, онда сақтандыру компаниясы сілтеме жасаған негіздер жоқ.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылып, талап қоюшының пайдасына сақтандыру компаниясынан 5 190 000 теңге өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Шымкент жүргізуші өтемақы жолаушы сақтандыру