Франция тәртіпсіздікке шақыратын әлеуметтік желілерді бұғаттамақ

Бүгін, 14:39 / Алуа Арман
istockphoto.com

Франция үкіметі парламентке бір сағат ішінде зорлық-зомбылыққа шақыратын жарияланымдарды жоймаған әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік беретін түзету енгізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бұзақылардың жауапкершілігі туралы» («casseurs-payeurs») заң жобасына енгізілген түзету интернет-платформаларды террорлық әрекеттерге, көтеріліске немесе мемлекетке, сондай-ақ халықтың жекелеген топтарына қарсы қарулы күреске шақыратын материалдарды жоюға міндеттейді. Талап орындалмаған жағдайда билік соттың алдын ала шешімінсіз платформаны бұғаттауға немесе оны іздеу жүйелерінің нәтижелерінен алып тастауға қол жеткізе алады.

Ал қоғамдық тәртіптің елеулі бұзылуына әкеп соғуы мүмкін кісі өлтіруге, зорлық-зомбылыққа, ұрлыққа және мүлікті жоюға шақыратын өзге де материалдарды жою үшін 24 сағат уақыт беріледі. Құжат интернеттегі заңсыз контентті анықтаумен айналысатын мемлекеттік Pharos платформасының өкілеттіктерін де кеңейтеді.

Бұл бастама 17 қазанда болған жаппай тәртіпсіздіктер мен тонау оқиғаларынан кейін көтерілді. Ол кезде халықтың тұрмыс құнының өсуіне қарсы наразылықтар өтіп жатқан еді. Билік әлеуметтік желілерді «топтық еліктеу әсерін» күшейтіп, зорлық-зомбылық әрекеттерін үйлестірді деп айыптап отыр.

Бұған дейін БАҚ мәліметінше, министрлер кабинеті 24 қазанда жаңа тәртіпсіздіктер туындаған жағдайда бірқатар платформаны уақытша бұғаттауға дайындалуды байланыс операторларынан сұраған. Алайда бұл шара қолданылмаған.

Заң жобасы қазіргі уақытта Сенаттың қарауында. Жергілікті сарапшылар ұсынылған түзетудің цифрлық қызметтер саласындағы Еуропа заңнамасына сәйкестігіне қатысты мәселелер туындауы мүмкін екенін атап өтті.

Тэгтер:

Франция Әлеуметтік желі тәртіпсіздік бұғаттау