Алматыда хирургтер күніне 4 энергетикалық сусынға дейін ішкен жас жігіттің өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына ішінің қатты ауыруымен жас жігіт жеткізілді. Тексеру барысында дәрігерлер перитонитпен асқынған асқазанның тесілген ойық жарасын анықтады.
Науқасқа шұғыл операция жасалып, асқазан қабырғасындағы тесік тігілді. Емнен кейін оның жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.
Науқастың айтуынша, бірнеше ай бойы ол күн сайын 3-4 банка энергетикалық сусын ішкен.
ОҚКА хирургі Ілияс Сағиевтің айтуынша, энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолына кері әсер етіп, қыжыл мен жүрек айнуын күшейтуі мүмкін. Алайда бұл жағдайда ойық жараның тесілуіне энергетикалық сусындар себеп болды деп нақты айтуға болмайды.
Дәрігерлер асқазан аурулары бар адамдарға тамақтануына ерекше көңіл бөліп, энергетикалық сусындарды көп мөлшерде тұтынбауға кеңес береді.