20–23 қазан аралығында Абай облысының аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және заң талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төрт күн ішінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп, қоғамдық орындарда, көшелерде және жол қозғалысы саласында заң талаптарын бұзғандардың жолын кесті.
Нәтижесінде 636 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді:
6 дерек – ұсақ бұзақылық;
11 дерек – ортақ пайдалану орындарын ластау;
161 дерек – қоғамдық орындарда алкоголь өнімдерін тұтыну;
64 дерек – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуы;
185 дерек – тиісті құжаттарсыз немесе тіркеусіз тұру;
5 дерек – қарсы бағытқа шығу;
64 дерек – жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеуі;
14 дерек – көлік құралын мас күйінде басқару.
Әрбір құқық бұзушылықтың артында қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер бар.
Көшені ластау, қоғамдық орында ішімдік ішу, жол қозғалысы ережелерін елемеу немесе мас күйінде көлік жүргізу – жай ғана тәртіпсіздік емес. Бұл – айналадағы адамдардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жауапсыз әрекеттер.
Әсіресе, мас күйінде көлік басқаруға ешқандай ақтау жоқ! Рөлге отырған әрбір жүргізуші өз өмірі үшін ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығы үшін жауап береді.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуы да ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігін еске салады.