7 микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Бүгін, 11:44 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, микроқаржы ұйымдарының қызметін қадағалауды күшейту және қаржы нарығында жосықсыз практикаларды болдырмау жөніндегі дәйекті және жүйелі жұмысты жалғастырады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қадағалау өкілеттіктерін жүзеге асыру шеңберінде Агенттік жекелеген микроқаржы ұйымдарының қызметіне тексеру жүргізіп, соның нәтижесі  бойынша қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзуға алып келген заңнама талаптарын жүйелі түрде бұзушылықтар анықталды.

Осыған байланысты Агенттік жеті МҚҰ-ны микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады.

2026 жылғы 23 қазандағы бұйрықтар негізінде төмендегі МҚҰ лицензиялардан айырылды:

«MaxMoney» МҚҰ» ЖШС» (23.10.2026ж. №67 бұйрық);

«Microfinance Systems» МҚҰ» ЖШС (23.10.2026ж. №68 бұйрық);

«SurfKaz Finance» МҚҰ» ЖШС (23.10.2026ж. №69 бұйрық);

«MFO№1» МҚҰ» ЖШС (23.10.2026ж. №70 бұйрық);

«Умит Финанс» МҚҰ» ЖШС (23.10.2026ж. №71 бұйрық);

«Вивус» МҚҰ» ЖШС (23.10.2026ж. №15 бұйрық);

«EL QAZYNA» МҚҰ» ЖШС (23.10.2026ж. №16 бұйрық).

Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қадағалау қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қозғайтын заңнаманы жүйелі түрде бұзуға жол беретін ұйымдарға қатысты нақты позицияны ұстанады.

Қабылданған шешімдер бұзушылықтардың жолын кесуге, жосықсыз практикалардың алдын алуға, микроқаржы нарығына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға және заңнамада белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Агенттік қарыз алушылардың құқықтарын сақтауға, бұзушылықтарды уақтылы анықтауға және заңнамада көзделген қадағалап ден қою шараларын қолдануға ерекше назар аудара отырып, МҚҰ қызметін жүйелі және тәуекелге бағдарланған қадағалауды жалғастырады.

Заңнама мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын сақтау микроқаржы нарығына қатысушылар қызметінің міндетті шарты болып табылады. Азаматтардың құқықтарын жүйелі түрде бұзуға жол берілмейді және заңнамада көзделген салдарға алып келеді.

Лицензиядан айырылған МҚҰ микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ жекелеген жағдайларды қоспағанда, микрокредит беру туралы қолданыстағы шарттардың талаптарын өзгертуге құқылы емес.

Заңнамаға сәйкес МҚҰ лицензиядан айырылған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде өзінің атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, көрсетілген заңды тұлғаның микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратынын болжайтын олардан алынған сөздер мен қысқарған сөздерді алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.

Микрокредит беру туралы шарттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар МҚҰ клиенттері жасалған шарттардың талаптарына сәйкес міндеттемелердің орындалуын бұзғаны үшін жауапты болады.