Петропавл қаласындағы кәсіпорынның қабылдаушы шебері бір жарым жыл бойы бухгалтерлік бағдарламада клиенттерге жалған ақшалай қайтарымдарды рәсімдеу арқылы кассадан ақша ұрлап келген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кассациялық соттың хабарлауынша, ер адам 2023 жылдың мамырынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін «1С» бағдарламасын пайдаланып, бұрын орындалған тапсырыстар үшін ақшаны қайтару операцияларын рәсімдеген. Алайда іс жүзінде клиенттер тапсырыстарын жою туралы өтініш бермеген және ақшаларын кері алмаған. Ал ер адам қаражатты кәсіпорын кассасынан қолма-қол алып отырған.
Бірінші сатыдағы сот оны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу дерегімен кінәлі деп таныды. Оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, сондай-ақ осы мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Бұдан бөлек, сотталған азаматтан келтірілген залал өндірілді. Апелляциялық сатыдағы сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
«Кассациялық шағымында сотталған азамат өз әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 189-бабының 1-бөлігі бойынша қайта саралап, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраған. Ол шағымында әрекеттерінің дұрыс сараланбағанын және ақшалай қаражатты иемденгенін растайтын дәлелдердің жоқтығын алға тартқан. Кассациялық сот жалған қайтарымдар М. жұмыс істеген ауысымдар кезінде, оның ішінде бірнеше жыл бұрын орындалған тапсырыстар бойынша да рәсімделгенін анықтады. Клиенттер тапсырыстарды жою туралы өтініш бермегендерін және ақшаларының қайтарылмағанын растады. М.-ның кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, «1С» бағдарламасының деректерімен, сараптама қорытындыларымен және оның ұрлық жасау тәсілін баяндаған бейнежазбамен дәлелденді», – деп хабарлады кассациялық сот.
Сот қорғау тарапының ер адамның материалдық жауапкершілігі болмағаны туралы уәждерін де қабылдамады. Лауазымдық міндеттеріне сәйкес, ол кассаға қол жеткізіп, ақшалай қаражатқа билік еткен. Келтірілген залалдың мөлшері зерттелген дәлелдермен расталды.
Нәтижесінде кассациялық сатыдағы сот қылмысты саралауды өзгертуге немесе жазаны жеңілдетуге негіз таппады. Бірінші сатыдағы соттың үкімі мен апелляциялық соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.