Петропавлда мас күйде электрвелосипед басқарған ер адам 20 тәулікке қамалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кешкі уақытта Петропавл қаласындағы Воровской көшесінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері электрвелосипедті мас күйде басқарған 37 жастағы Ақмола облысының тұрғынын тоқтатты.
Ер адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Медициналық куәландыру оның алкогольдік мас күйде болғанын растады. Сонымен қатар оның көлік құралдарын басқару құқығы болмағаны белгілі болды. Аталған құқық бұзушылыққа байланысты оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Полиция мас күйде электрвелосипед басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертеді. Әсіресе қараңғы уақытта жылдамдықты шамадан тыс арттыру және қорғаныс құралдарын пайдаланбау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Тәртіп сақшылары азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және "Заң мен тәртіп" қағидатын ұстануға шақырады.