Түркістан облысында 17 жастағы жасөспірімнің аяғы комбайнға қысылып қалды

26 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
ТЖМ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу кезінде 17 жастағы жасөспірім жазатайым оқиғаға ұшырады. Оның аяғы комбайнның орақ аппаратына қысылып қалып, құтқарушылардың көмегі қажет болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 26 қазанда Түркістан облысының Асықата ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жасөспірім комбайнды жөндеу жұмыстары кезінде абайсызда ауыл шаруашылығы техникасының орақ аппаратына аяғын қыстырып алған.

Қауіпті жағдайда қалған баланың аяғын өздігінен босату мүмкін болмағандықтан, оқиға орнына құтқарушылар шақырылған.

Шақырту бойынша жеткен ТЖМ қызметкерлері жағдайды бағалап, арнайы авариялық-құтқару құралдарының көмегімен жасөспірімнің аяғын қысылып қалған жерінен абайлап шығарған.

Осыдан кейін зардап шеккен бала жедел медициналық жәрдем бригадасының мамандарына тапсырылды. Әзірге жасөспірімнің қандай жарақат алғаны және қазіргі денсаулық жағдайы туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.

Тэгтер:

Түркістан облысы