Үндістанда табиғат апатынан 14 адам қаза тапты

26 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
freepik.com

Үндістанның Тамилнад штатында нөсер жаңбыр мен найзағай салдарынан 14 адам қаза тапты. Толассыз жауын бірнеше аймақта су тасқыны мен жер көшкініне себеп болған. Жергілікті билік қауіпті аймақтарға туристердің баруына уақытша тыйым салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Үндістанның оңтүстігіндегі Тамилнад штатында муссондық жаңбыр маусымы басталғалы ауа райы күрт нашарлаған. Қатты жауын мен найзағай тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп, бірқатар ауданда төтенше жағдай қалыптасты.

Жергілікті биліктің мәліметінше, жаңбырлы маусым басталғалы найзағай соғуынан 14 адам көз жұмған.

Тамилнад штатының кірістер және төтенше жағдайларды басқару министрі К. А. Сенготтайян қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, оларға 400 мың үнді рупийі көлемінде өтемақы берілгенін хабарлады.

Сонымен қатар тоқтаусыз жауған жаңбыр таулы аймақтарда жер көшкінін тудырған. Әсіресе Нилгири ауданында жағдай күрделеніп, 62 жерде көшкін жүргені тіркелді.

Табиғи апат салдарынан жол қатынасы қиындап, кейбір тұрғын үйлерді су басқан. Ауыл шаруашылығы алқаптары да зардап шеккен. Атап айтқанда, Нагапаттинам ауданында мыңдаған акр егістік су астында қалған.

Қалыптасқан жағдайға байланысты жергілікті билік қауіп деңгейін көтеріп, бірқатар танымал таулы курорттарға туристердің кіруін шектеді.

Олардың қатарында Удагамандалам, Кодайканал және Йеркауд сияқты туристік бағыттар бар. Бұл шектеулер тұрғындар мен саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

Мамандар көшкін қаупі бар аумақтарды тексеріп, жолдарды тазарту және жауын-шашынның салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тэгтер:

үндістан