Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық қыздың өліміне қатысты екі адам ұсталды

Бүгін, 20:08 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Түркияның Ыстанбұл қаласында жұмбақ жағдайда көз жұмған 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты тың мәліметтер белгілі болды. Жергілікті полиция марқұмның бірге тұрған құрбысы мен жігітін ұстаған. Сондай-ақ бойжеткеннің қайғылы оқиға алдындағы соңғы суреті жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Түркиялық ақпарат құралдарының мәліметінше, прокуратураның нұсқауымен 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. мен марқұмның жігіті, 35 жастағы Мажар Т. ұсталып, жауап алынған. Әзірге олардың қандай да бір қылмыс жасағаны анықталған жоқ. Екі адамның ұсталуы тергеу әрекеттерімен байланысты.

Құқық қорғау органдарының назарына Айсұлу Бекмаханованың қайтыс болар алдында түсірілген фотосуреті де іліккен. Суретте бойжеткеннің көрші ғимарат шатырының шетінде отырғаны көрінеді.

Түрік басылымының хабарлауынша, бұл фотоны онымен бірге тұрған Дарья Б. түсірген.

Құрбысының полицияға берген жауабына сәйкес, ол таңғы сағат 08:15 шамасында Айсұлудың шатыр шетінде отырғанын байқап, қауіпті жерде отырмауын ескерткен.

Алайда бойжеткен оған:

«Мен осында отырамын, сен ұйықтай бер», – деп жауап берген.

Дарья Б. осыдан кейін бөлмесіне қайта кіргенін айтқан.

Кейін оның қатты музыкадан оянғаны белгілі болды. Қыз орнынан тұрып, құрбысын іздегенімен, оны бөлмеден таппаған.

Осы кезде сырттан шыққан дыбысты естіп, көрші ғимараттың шатырындағы жабынның зақымданғанын байқаған. Төменге үңілген сәтте құрбысының қозғалыссыз жатқанын көргенін жеткізген.

Тергеу барысында Айсұлу Бекмаханованың қайғылы оқиғаға дейін қайда болғаны да анықталып жатыр.

Дарья Б.-ның айтуынша, олар 24 қазан күні кешкі сағат 20:00 шамасында бірге серуендеуге шыққан. Ал 25 қазан күні таңғы сағат 05:00 шамасында екі қыз екі жаққа кеткен. Айсұлу өзінің жігітіне барған.

Осы мәліметтерден кейін полиция бойжеткеннің сүйіктісі екені айтылған, дүкен иесі Мажар Т.-дан жауап алған.

Ер адамның сөзінше, Айсұлу оның жанына таңғы сағат 05:30 шамасында келген. Екеуі біраз уақыт бірге болғаннан кейін қыз сағат 07:40 шамасында үйіне қайту үшін кеткен.

Қазір тергеушілер осы уақыт аралығындағы оқиғаларды анықтап жатыр.

Еске салайық, 25 қазанда Ыстанбұлдың Шишли ауданында 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова биіктен құлап қаза тапқан еді.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, бойжеткен өзі тұрып жатқан ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өткен. Кейін шатырдың орта тұсына қарай жүргенде аяқ басқан жабын сынып, ол ғимараттың минус екінші қабаты деңгейіне құлаған.

Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтаған. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптама институтына жеткізілген.

Түрік полициясының мәліметінше, Айсұлу мен Дарья 2026 жылғы 8 қыркүйекте Түркияға келген.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ыстанбұлда қазақстандық азаматтың қаза болғанын растаған еді. Ведомство дипломаттардың марқұмның туыстарымен байланыста екенін және оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта түрік полициясы бойжеткеннің өліміне қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. Екі адамның ұсталуына қарамастан, олардың оқиғаға қатысы бар-жоғы анықталған жоқ. Сондай-ақ Айсұлу Бекмаханованың неліктен шатырға шыққаны әзірге белгісіз.

Тэгтер:

Түркия