Ақтөбе қаласының тұрғыны TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер айтып, әдепсіз қимылдар көрсеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол тікелей эфир кезінде құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Тиісті шешімді сот шығарды.
Ақтөбе облыстық полициясының мәліметінше, сөз 42 жастағы ер адам онлайн-трансляция кезінде былапыт сөздер айтып, әдепсіз қимылдар көрсеткен. Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, істі соттың қарауына жіберді.
Құқық қорғау органдары интернеттегі мінез-құлық та заң талаптарын сақтаудан босатпайтынын атап өтті. Әлеуметтік желілер мен тікелей эфирлер де қоғамдық кеңістік болып саналады.
Интернетте былапыт сөздер айту, қорлайтын әрекеттер жасау және өзге де құқыққа қайшы іс-әрекеттер үшін қоғамдық орындардағы осындай құқық бұзушылықтардағыдай жауапкершілік қарастырылған.