Әнші Бақыт Тұрман отбасы мен бала тәрбиесіне қатысты пікір айтып, әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Өнер иесінің «Салақтықтан бала тумаңыздар» деген сөзі көпшіліктің наразылығын тудырған. Әнші өз ойын түсіндіріп, бұл мәлімдемесі үшін кешірім сұрамайтынын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бақыт Тұрман әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне айтылған сынға жауап берді. Әншінің сөзінше, оның пікірі бала тууға қарсы бағытталмаған. Ол отбасын құруға және балалы болуға жауапкершілікпен қарау керектігін меңзеген.
«Уайымдамаңыз! Мен де 5 бала туған анамын! Мен де білемін оның ауырлығын, қиындылығын, оған қоса қызығын да! Егер ахуалың жетіп, қалауың, денсаулығың жетіп, ерің жаныңда болып тусаң, ол – бір бақыт! Мәселе ойсыз, сенімсіз, қандай адамнан туып жатқанын танымай туғандар туралы!» – деп жазды әнші.
Өнер иесі сұхбатты толық көруге кеңес беріп, кейбір әйелдердің отбасындағы жағдайына да тоқталды. Оның пікірінше, мәселе баланың дүниеге келуінде емес, ата-ананың оған жауапкершілікпен қарауында.
«Бұл әңгіме сол туралы! Бұл әңгіме туып тастағандарға емес, енді туатындарға арналған! Өзіңізге сенімсіздік емес, ақыл қосыңыз!» – деді Бақыт Тұрман.
Сонымен қатар әнші қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруді жалғастыратынын жеткізді. Ол өз пікірін азаматтық ұстанымымен байланыстырып, айтқан сөздері үшін кешірім сұрауға ниетті емес екенін мәлімдеді.
«Мен ешқашан бос сөз айтпаймын. Және өз парақшамда қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жүремін. Мақтайтын жерде мақтап, ұнамайтын жерде айтамын. Мен оны әнші ретінде емес, мен жай ғана осы елдің азаматы ретінде, қоғамда жүрген, көзім көріп, құлағым естіп, жүрегім сезіп жүрген дүниелерді айтуға тырысамын», – деді ол.
Бақыт Тұрманның айтуынша, ол ешкімді балағаттамайды және өзгенің жеке өміріне араласпайды. Әнші өз ойын ашық айту құқығын қорғайтынын атап өтті.
«Мен ешқашан өзімнің сөзім үшін кешірім сұрамаймын. Өйткені ол менің өз ойым. Мен ешкімді балағаттамаймын, ешкімнің жеке өміріне өтпеймін», – деді әнші.