Әсет Исекешев елордадағы құрылыс алаңдарын қатаң бақылауға алды

Әсет Исекешев елордадағы құрылыс алаңдарын қатаң бақылауға алды

Әсет Исекешев елордадағы құрылыс алаңдарын қатаң бақылауға алды
ашық дереккөзі
Елорда басшысы Әсет Исекешев құрылыс алаңдарын тәртіпке келтіруге кірісті. Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша,  заң бұзған құрылыс компаниялары құрылыс жүргізуге берілетін рұқсаттан айрылуы мүмкін.  24 сәуірде елорда әкімдігінде кеңейтілген отырыс өтіп, оның барысында қала басшысы «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңын бұзғаны үшін құрылыс компанияларының басшыларынан түсініктеме беруді талап етті. «Құрылыс компаниялары заң талаптарын дұрыс орындамай отыр, санитарлық күтіп-ұстау ережелеріне жауап бермейді. Құрылыс алаңдарында көлік дөңгелектерін жуатын орын жоқ, қоқыс шығарылмайды және үйлердің сапасы да күдік тудырады. Бізге құрылыс мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеру қажет», - деген болатын әкім. Осыдан кейін әкім сөзден іске көшіп, елордадағы барлық құрылыс компанияларын тексеруге кірісті. Бүгінгі күні елорда аумағында жеке тұрғын үйлердің құрылысы мен пәтерлерді қайта жоспарлауды есепке алмағанда, 560 компания 1020 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2017 жылдың бірінші тоқсанында қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін 17 компанияда жұмыстар тоқтатылды. Сондай-ақ, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін рұқсат берілмеген компаниялар да бар. Аталған кезеңде 27 компания 2 425 030 теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал рейд шаралары шеңберінде Астана қ. ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясының мамандары абаттандыру және санитарлық күтіп-ұстау ережелерін бұзғаны үшін бірнеше компанияда жұмыстарды тоқтатқан. Сонымен бірге, жер қатынастары басқармасы жер игеру мерзімдерін бұзғаны үшін 58 компанияның жер телімін жалға беруді ұзарту туралы өтінішін кері қайтарды. Әкім осы бағыттағы жұмыстарды одан ары жалғастырып, қаладағы барлық құрылыс алаңдарының санитарлық жағдайын бақылауда ұстамақ. Қала басшысы заң бұзған құрылыс компанияларына қатысты құрылыс жүргізуге берілетін рұқсатты кері қайтарып алуға дейін қатаң шаралар қабылданатынын айтып ескертті.