ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөліміндегі оқу пунктінде мерзімді әскери қызметтегі екі сарбаз туған күндерін елдің басты ұлттық мерекесімен бірге атап өтуде. Қатардағы жауынгерлер Даир Маратов пен Рахат Үзей Республика күнін қаруластарымен бір сапта қарсы алып, әскери істің негіздерін меңгеріп жүр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қарағанды қаласынан әскерге шақырылған Даир Маратов бүгін 20 жасқа толды. Ол Қарағанды жоғары политехникалық колледжін «құрылыс техник-құрылысшы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Отбасындағы төрт баланың үлкені. Әскери қызметін аяқтаған соң «Сарбаз 2.0» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнына түсіп, білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Ал оның қаруласы, Түркістан қаласының тумасы Рахат Үзей 19 жасқа толды. Төрт ағасын үлгі тұтқан Рахат та Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған. Бір қызығы, Рахаттың ағасы дәл осы 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен.
Қазір қос сарбаз әскери істі меңгеріп, саптық және дене даярлығынан өтіп жатыр. Алда оларды әскери ант қабылдау рәсімі күтіп тұр. Одан кейін Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға кіріседі.
Биыл Республика күні туған күн иелері үшін ерекше сипат алды. Ұлттық мереке олардың туған күндерімен тұспа-тұс келіп, әскери қызметтің басталуымен есте қалатын маңызды күнге айналды.