«Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!»: Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Бүгін, 08:05 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауында елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, конституциялық реформалардың маңызы және Қазақстанның алдағы даму бағыттары атап өтілді, деп хабарлайды Ақорда.

«Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын!» – деді Президент.

Мемлекет басшысы Республика күні қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке екенін атап өтті.

«Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке», – делінген құттықтауда.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан егемендік жылдарында көптеген сын-қатерді еңсеріп, маңызды белестерді бағындырды. Бүгінде ел экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, халықаралық аренадағы беделі жоғары мемлекет ретінде дамып келеді.

«Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр», – деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа кезеңінде мықты мемлекеттік институттарды қалыптастыру, адам капиталын дамыту және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру маңызды міндет екенін айтты.

«Алдымызда тұрған мақсат – баршаға айқын. Біз мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек», – деді ол.

Президент Конституцияның заңды күшіне енуін ел тарихындағы ерекше оқиға ретінде бағалады. Оның сөзінше, Ата заң мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуға, сондай-ақ саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларда түбегейлі өзгерістер жасауға серпін берді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда озық технологиялар мен инновацияларды дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін ел игілігіне пайдалану, заманауи өндіріс орындарын ашу және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салу да басым бағыттардың қатарында.

Мемлекет басшысы қоғамда білімге ұмтылу, адал еңбек, жауапкершілік пен отаншылдық құндылықтарын нығайтудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ Заң мен Тәртіп, Тазалық пен қоршаған ортаға қамқорлық, Бірлік пен Келісім қағидаттарын дәріптеу арқылы жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Осылайша, егемендігіміздің тұғырын күшейтіп, Әділетті, Қауіпсіз, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Президент.

Құттықтау соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бірлігі мен рухының биік болуына тілектестік білдірді.

«Еліміздің шаңырағы биік, ұлтымыздың рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін! Республика күні құтты болсын!» – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.