Шетелде білім алып жатқан қазақстандықтар Республика күнімен құттықтады (ВИДЕО)

Бүгін, 18:10 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық жастар 25 қазан – Республика күніне орай ізгі тілектерін білдіріп жатыр. Шетелдегі студенттер мен мамандар әлеуметтік желіде жариялаған бейнежолдауларында тәуелсіздіктің маңызына тоқталып, ел болашағына қатысты ойларымен бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.

АҚШ-тағы Беркли университетінде қоғамдық денсаулық сақтау магистратурасында оқып жүрген Айман Исакова да мерекеге орай жазба жариялады. Ол — медицина докторы, анестезиолог-реаниматолог әрі жүрек-қан тамырлары хирургиясындағы анестезиология бойынша сарапшы.

Айман Исакова 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуындағы маңызды тарихи кезең болғанын атап өтті. Оның айтуынша, егемендік қазақстандықтарға әлемнің әр түкпірінде білім алып, тәжірибе жинауға жол ашты.

«Тәуелсіздік — арманға жол ашқан еркіндік. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Егемендік декларациясы — тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы маңызды тарихи белес. Содан бері талай нәрсе өзгерді. Жаңа мүмкіндіктер ашылды, жаңа армандар пайда болды. Қазір біз әлемнің түкпір-түкпірінде білім алуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік алып отырмыз. Бір кездері алыстағы арман болып көрінген дүниелер бүгін өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Тәуелсіздік — тек өткеніміздің жетістігі емес, бүгінгі таңдауымыз бен ертеңгі жауапкершілігіміз. Республика күні құтты болсын!» — деп жазды Айман Исакова Instagram парақшасында.

Ал Гарвард университетінде қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша білім алып жатқан «Болашақ» бағдарламасының стипендианты Алуа Ерланқызы да отандастарын мерекемен құттықтады.

«Бүгін баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің егемендігі мәңгі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» — деді ол.