Иорданиядағы шіркеуде атыс болды: 7 адам қаза тауып, 34 адам жараланды

Бүгін, 23:41 / Жамбыл Жайлау

Иорданияның оңтүстігіндегі Карак провинциясында шіркеу маңында болған қарулы шабуылдан жеті адам қаза тауып, 34 адам жараланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 23 қазанда Хамуд елді мекеніндегі шіркеуде жерлеу рәсімі өтіп жатқан кезде болған. Иордания билігінің мәліметінше, белгісіз қарулы адамдар жиналғандарға оқ жаудырған.

Куәгерлер шабуыл бірнеше минутқа созылғанын айтқан. Бейнебақылау камераларындағы кадрларда үш адамның шіркеу сыртында оқ атқаны, кейін ғимаратқа қарай беттегені көрінеді.

Алғашқы ресми ақпаратта алты адамның қаза тауып, 28 адамның жараланғаны хабарланған еді. Кейін Иорданияның Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы құрбандар саны жетіге, жараланғандар саны 34-ке жеткенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта қауіпсіздік күштері күдіктілерді іздестіріп жатыр. Иорданияның ішкі істер министрі шабуыл жасағандарды экстремистер деп атағанымен, олардың қандай да бір ұйыммен байланысы бар-жоғы әзірге анықталмаған. Оқиға үшін жауапкершілікті ешбір топ мойнына алған жоқ.

Иордания королі Абдалла II шабуылды айыптап, кінәлілер қатаң жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Иорданияда мұндай қарулы шабуылдар сирек кездеседі. Карак аймағында христиан қауымы тұрады және мұнда бірқатар христиандық діни нысандар орналасқан.