Атырауда әлеуметтік желіде әдепсіз сөздер айтқан кәмелетке толмаған қыздың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқушының TikTok желісіндегі әрекеті полицияның назарын аударған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 14 қазанда болған. Кәмелетке толмаған қыз TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир жүргізу кезінде балағат сөздер қолданған.
Аталған жағдайға байланысты құқық қорғау органдары тиісті шаралар қабылдаған. Нәтижесінде жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.
Полиция ата-анасына қандай шара қолданды?
Тәртіп сақшылары баланың тәрбиесі мен мінез-құлқына, оның ішінде интернет кеңістігіндегі әрекеттеріне де ата-анасы жауапты екенін атап өтті.
"Осы дерек бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады полиция.
Алайда ведомство ата-анаға нақты қандай әкімшілік жаза тағайындалғанын және айыппұл салынған-салынбағанын жариялаған жоқ.