Таразда ер адам өртенген көліктен адамдарды құтқарып қалды

Бүгін, 21:49 / Жамбыл Жайлау
threads.com/@ng_narek

Таразда жол апатынан кейін көлік өртеніп, оқиға куәгері ішіндегі адамдарға көмекке ұмтылған. Ер адам газдың иісін сезген бойда уақыт жоғалтпай әрекет еткенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 23 қазанда Тараз қаласында болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жергілікті тұрғын көлігімен кетіп бара жатып, жол-көлік оқиғасын байқап қалған.

Threads желісінде @ng_narek деген атпен тіркелген азамат сол сәтте әлеуметтік желіге сторис түсіріп келе жатқанын айтқан. Апатты көрген ол бірден көлігін тоқтатып, зардап шегуі мүмкін адамдарға көмектесуге асыққан.

Ер адамның сөзінше, оқиға орнына жақындаған кезде газдың өткір иісі сезілген. Ол көліктің кез келген сәтте өртенуі немесе жағдайдың одан әрі ушығуы мүмкін екенін түсініп, адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға кіріскен.

"Көліктен шығып, адамдарға көмектеспек болдым. Газ иісін сезіп, бірінші кезекте оларды шығару керек екенін түсіндім. Өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемді шақырдым", – дейді оқиға куәгері.

Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның мән-жайын айтты

Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жол апатынан кейін көліктің өртенгенін растады.

Ведомство мәліметінше, 23 қазан күні сағат 02:34-те "112" қызметіне Тараз қаласындағы Бөлтірік шешен және Ұлбике ақын көшелерінің қиылысында автокөлік өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары шұғыл аттанған.

"Оқиға орнына тез арада ТЖД күштері мен құралдары жетті", – делінген ведомство хабарламасында.

Ресми мәлімет бойынша, оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Әзірге жол апатының нақты себебі мен көліктің қандай жағдайда өртенгені туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ.

Тэгтер:

көлік өрт Тараз